Бүгін Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылындағы «Бітік» мектеп-бөбекжай кешенінде Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Хасан Сұлтанғалиевтің есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағын, аудан әкімінің міндетін атқарушы Зәйлім Мажитова, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында жас сақшылардың салтанатты уәде беру рәсімі өтіп, оларға «Жас сақшы» туы табысталды.
«Жас сақшы» полиция сыныбының негізгі мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік, құқықтық мәдениет, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Зәйлім Мажитова құттықтау сөз сөйлеп, жас сақшыларға оқуында озат болып, тәртіпті сақтауға, Отанға адал қызмет ететін, елжанды азамат болып қалыптасуға тілегін білдірді.
Сонымен қатар, шара барысында ардагер Хасан Сұлтанғалиевтің өмірі мен қызмет жолы кеңінен дәріптеліп, оның өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың маңызы атап өтілді.
Іс-шара соңында «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуына арналған лентаны қию рәсімі өтті. Қонақтар жаңа сыныпты аралап, жас сақшыларға арналған оқу кабинетімен танысты.
Бүгінде Ақжайық ауданында 18 жас сақшы тәрбиеленуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, патриоттық тәрбиесін нығайтуға, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға және болашақ мамандығын саналы таңдауға мүмкіндік береді.








