ЖАС ЖЕҢІМПАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Зәйлім Мажитова облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен спорттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Ақжайық ауданының абыройын асқақтатып жүрген жас жеңімпаздар мен олардың ұстаз-жаттықтырушыларын қабылдап, құрмет көрсетті.

    Кездесуге кітап оқу бағытында үздік нәтиже көрсетіп жүрген Ораз Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Айкөркем Бержанова қатысты. Жас оқырман облыстық «Мен оқыған 30 кітап» байқауында І орын иеленіп, республикалық кезеңде ІІ орынға қол жеткізді.

    Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында өткен Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болған аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Ерқанат Абылғазы, Бекзат Дарханұлы, Жарқын Мұхамбетжан, Ералы Айтқали, Қарақат Ерболат, Ұлболсын Сырым және жамбы атудан Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатына жолдама иегері Айымбек Бақтыгереев те қабылдауға қатысты.

    Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, оларды жеңіске жетелеп жүрген жаттықтырушылар Амангелді Калиакберов, Сырым Магеланов, Шапағат Наурызов және Кенжеқыз Қаупеноваға да құрмет көрсетілді.

    Аудан әкімінің міндетін атқарушы Зәйлім Мажитова жас жеңімпаздарды қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, оларға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар жас өрендердің қабілетін шыңдап, биік белестерді бағындыруына бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен жаттықтырушыларға алғысын білдіріп, еңбектеріне жоғары баға берді.

    Жас жеткіншектердің әрбір жетістігі – олардың таланты мен табандылығының, мақсатқа ұмтылысы мен тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ ұстаздары мен жаттықтырушыларының кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.

    Осындай жетістіктер өскелең ұрпақтың білімге, спортқа және өз қабілеттерін дамытуға деген қызығушылығын арттырып, аудан жастарына жаңа биіктерді бағындыруға жігер берері сөзсіз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақжайық ауданының әкімдігі" жаңалықтары