Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотталған адам ата-аналарды жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тарифі бойынша сапары ұйымдастырылатынына сендірген. Турнирге қатысу ақысын, әуе билеттерін, визалық қызметтерді, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын төлеу деген түрлі сылтаулармен жәбірленушілерден ақшалай қаражат алған. Алайда іс жүзінде өзіне алған міндеттемелерін орындамай, алынған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған.
9 жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен қаскөйге 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Келтірілген залал сотталған адамнан өндіріп алынды.
Қала прокуратурасы ескертеді: балалардың шетелдегі спорттық жарыстарға сапарын ұйымдастыру кезінде ұйымдастырушылардың өкілеттіктерін, турнирге ресми шақырудың, тиісті шарттардың, әуе билеттерінің және брондауды растайтын құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеру қажет. Тек ауызша уәделерге сеніп, ірі көлемдегі ақшалай қаражатты бермеңіз.
Астана қаласының прокуратурасы




