
Сотталған азамат ұялы телефонды мекеме аумағына алып кіруге әрекет жасағаны үшін жазасын өтеу жағдайын қатаңдатты
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 40 жастағы сотталған азамат ұялы телефонды мекеме аумағына алып кіруге әрекет жасағаны үшін жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу құқығынан айырылды.
Жұмыстан оралған кезде сотталған азамат мекеме аумағына ұялы телефонды алып кіруге әрекет жасаған. Тыйым салынған зат мекеме қызметкерлері жүргізген тексеру барысында анықталды.
Аталған факті бойынша тиісті материалдар сотқа жолданды. Сот сотталған азаматтың әрекетін жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзу деп танып, жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуді қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сотталған азаматтың жазасын өтеу мерзімінің өтелмеген бөлігі 1 жыл 8 айды құрады.
— Белгіленген талаптар мен тәртіпті сақтау барлық сотталғандар үшін міндетті. Тыйым салынған заттарды мекеме аумағына алып кіруге жасалған кез келген әрекет режим талаптарын өрескел бұзу ретінде қарастырылады. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада жауапкершілік көзделген, оның ішінде жазаны өтеу жағдайларын қатаңдату шарасы да қарастырылған, — деп атап өтті мекеменің жедел тобының бастығы Елдар Искаков.








