
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Жиында тұрғындардың өзекті мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтармен ашық диалог орнатып, халықтың талап-тілегіне жедел ден қою жөніндегі тапсырмалары аясында өтті.
Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірдің көлік-логистикалық және экономикалық әлеуетінде маңызды орын алатын қала. Бүгінде шаһарда әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. 2026 жылдың алғашқы 8 айында қаланың жалпы өңірлік өнімі 52,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 16,1 млрд теңгені құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд теңгеге жетіп, 13,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23,9 млрд теңгені құрады.
Облыс әкімі Арыстың жоғары әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесулерде азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, олардың шешілуіне нақты мән беруді тапсырды. Сондықтан бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндау ғана емес, тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей тыңдау. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қай мәселені қандай мерзімде және қандай жолмен шешуге болатынын нақты айқындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде қаладағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да сөз болды. «Келешек мектептері» жобасы аясында Арыс қаласында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Өткен жылы «Отырар» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп те пайдалануға берілген.
«Барыс» тұрғын ауданында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, сатып алынды. Жиделі, Байырқұм, Көкжиде және Аққала елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етілді. Биыл Отырар-2 және Талдықұдық тұрғын аудандарын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Жиында Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың да есебі тыңдалды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, ауызсу, газ, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты бірқатар мәселе көтерілді.
Облыс әкімі әрбір өтінішті тыңдап, жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне мәселелерді зерделеп, нақты шешу жолдарын ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар өткен жылғы кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. 2025 жылы тұрғындар тарапынан 14 мәселе көтеріліп, оның 12-сі орындалған, бір мәселе орындалу үстінде.
Атап айтқанда, Абдразақов көшесіндегі №45, 47 және 49 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшаларын орнату мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда құны жобаның жұмыстары басталды. Мердігер «BEREKE SE» ЖШС нысанды қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі қала тазалығы мен абаттандыру мәселесіне де назар аударды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға белсенді атсалысуға шақырды.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей облыс әкіміне жеткізді. Жеке қабылдауда тұрғын үй, жер, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер және басқа да өтініштер қаралды.
Тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстау міндеттелді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









