
Бүгін Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай мерекелік салтанатты жиын өтті.Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов аудан әкімінің атынан ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Ұстаз – жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беретін ардақты маман. Сіздердің еңбектеріңіз елдің ертеңі үшін маңызды. Ұстаз еңбегін бағалау, мәртебесін көтеру – басты міндеттердің бірі. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, шәкірттеріңізге биік жетістіктер тілеймін. Әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер!», – деді Ғани Сүлейменов.
Салтанатты жиында бір топ ардагер ұстаздар мен білім саласының үздік мамандары «Жалағаш ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен және құттықтауымен марапатталды.
Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары ұстаздарға арнап ән шырқап, өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама мерекелік жиынның мазмұнын толықтырып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.








