1 қазан күні Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Ерлан Төрәлиевтің қатысуымен мерекелік салтанатты жиын өтті.
Жиында аудан әкімі ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан үлесі мен кейінгі ұрпаққа берер тағылымын атап өтті.
«Құрметті ардагерлер! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің өмірден түйген тағылымдарыңыз бен елге сіңірген еңбектеріңіз әрдайым кейінгі ұрпаққа өнеге. Сіздер – зейнет жасында болсаңыздар да, ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп келесіздер. Бұл – сіздердің қоғамдағы зор беделдеріңіздің, елімізге деген адал жанашырлықтарыңыздың айқын көрінісі. Мемлекет тарапынан ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Ауданда ашылған «Руханият» орталығынан ардагерлер ұйымына арнайы кеңсе беріліп, ардагерлердің бас қосып, жастармен тағылымды кездесулер өткізуіне барлық мүмкіндік жасалды. Бүгінде сіздер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жастарға ақыл-кеңестеріңізді айтып, өмірлік тәжірибелеріңізбен бөлісіп келесіздер. Өмірлік тәжірибелеріңіз бен парасатты болмыстарыңыз – кейінгі буын үшін баға жетпес байлық. Сіздердің елге сіңірген еңбектеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз әрдайым құрметке лайық. Әрдайым ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, елдің құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!» – деді Е.Төрәлиев.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі бір топ еңбек ардагерін «Жалағаш ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, облыс әкімінің және аудан әкімінің мерекелік құттықтауларын табыстады.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев сөз сөйлеп, бірқатар ардагерге «Жалағаш ауданының құрметті ардагері» медалін табыстады.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.