Комитетте тарифтік реттеудің өзекті мәселелері талқыланды

    Комитетте тарифтік реттеудің өзекті мәселелері талқыланды

    2026 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті кезекті ай сайынғы қоғамдық қабылдауды онлайн форматта өткізді.

    Кездесу барысында Комитеттің салалық басқармаларының өкілдері электр және жылу энергетикасы, газбен жабдықтау және теміржол көлігі салаларындағы ағымдағы жұмыстар туралы айтып, тарифтер мен бағаларды қалыптастыру, инвестициялық бағдарламаларды іске асыру және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер берді.

    Жылумен жабдықтау саласында алдағы жылыту маусымына дайындық, тозған инфрақұрылымды жаңғырту және табиғи монополия субъектілерінің шығындарының негізділігін бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуы немесе бекітілген іс-шаралардың орындалмауы анықталған жағдайда заңнамада көзделген шаралар, оның ішінде уақытша өтемдік тариф тетігі қолданылады.

    Электр энергетикасы саласында қатысушыларға электр энергиясының түпкілікті бағасын қалыптастыру тәртібі түсіндірілді. Бағаларды өзгерту мәселелері халықтың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен ашық түрде қаралатыны атап өтілді. Комитет электр энергиясы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыс жүргізуде.

    Сондай-ақ тауарлық газға баға белгілеу мәселелері қаралды. Комитет өкілдері бөлшек бағаның көтерме бағадан, тасымалдау тарифінен және газды өткізуге байланысты шығыстардан қалыптасатынын түсіндірді. Бағаның барлық құрамдас бөліктері мемлекет тарапынан реттеледі, сонымен қатар тұтынушылардың әлеуметтік осал санаттары үшін жекелеген қолдау шаралары көзделген.

    Теміржол саласы бойынша қатысушыларға қабылданған тарифтік шешімдер, қаралып жатқан нарық субъектілерінің өтінімдері, сондай-ақ магистральдық теміржол желісі қызметтеріне тарифтік әдіснаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды.

    Қоғамдық қабылдауларды өткізу тарифтік реттеудің ашықтығын арттыруға, қабылданатын шешімдерді түсіндіруге және тұтынушылармен тікелей кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті" жаңалықтары