
2026 жылғы 5 қазан, Бухарест – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Саинов Румыния Парламентінің сенаторы, Қазақстан–Румыния парламентаралық достық тобының жетекшісі Кристиан-Аугустин Никулеску-Цыгырлашпен кездесті.
Тараптар Қазақстан-Румыния қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективалары жөнінде пікір алмасты. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы парламентаралық диалогты одан әрі дамыту және тұрақты байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамытуға, оның ішінде Қазақстан мен Румынияның Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы рөлін кеңейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық және іскерлік байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Әңгімелесушілер екіжақты ынтымақтастықты жандандыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтіп, парламентаралық достық тобы, бейінді комитеттер және мемлекеттік органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Практикалық тұрғыда тараптар саяси, экономикалық және көлік салаларындағы нақты бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған алдағы кездесулер мен байланыстарды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.








