
2026 жылғы 21 қыркүйек, Бухарест қаласы — Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі А.Саинов Румынияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің (ARICE) төрағасы Д.Константинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Румыния сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Өзара сауда динамикасына, тауар айналымының құрылымына және оны одан әрі ұлғайту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өзара жеткізілімдердің номенклатурасын кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту аясында румын тарапына Румынияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігі мен қазақстандық тиісті мемлекеттік орган арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Аталған құжат инвестициялар тарту, ақпарат алмасу және іскерлік байланыстарды дамыту салаларындағы жүйелі өзара іс-қимыл үшін қосымша жағдайлар жасауға бағытталады.
Екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Румыния тарапы Қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға және Қазақстан нарығына шығуға мүдделі нақты румын компанияларының тізімін ұсынуға дайын екенін білдірді.
Тараптар сондай-ақ Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) кезекті отырысын өткізу перспективаларын талқылады.
Румыния тарапынан ҮАК-тың тең төрағасы бекітілгеннен кейін, ағымдағы жылы ҮАК отырысын Астана қаласында өткізу бойынша бірлескен күш-жігер жұмсау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және сауда-экономикалық әрі инвестициялық салалардағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады.
ARICE — Румыния Үкіметіне бағынысты және Премьер-министрдің үйлестіруімен жұмыс істейтін орталық мемлекеттік басқару органы. Агенттік шетелдік инвестицияларды тарту, румын экспортына жәрдемдесу және румын инвестицияларын шетелде сүйемелдеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты.
Агенттік екіжақты Үкіметаралық комиссияның хатшылығы болып табылады. Д.Константин ARICE төрағасы қызметіне 2026 жылы тағайындалды. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі және Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметтерін атқарған.









