
Красноярск қаласында (Ресей Федерациясы) Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі VI халықаралық олимпиада өтті. Оған 45-тен астам елден 700-ге жуық студент қатысты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен олимпиадаға Қазақстан құрамасы да қатысты. Құрама сапына Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиаданың жеңімпаздары енді.
Анықтама үшін. 1 наурыз бен 27 сәуір аралығында өткен Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиадада 5 мыңнан астам студент білімін сынға салды. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша 40 қатысушы финалға жолдама алып, оның 10-ы жеңімпаз атанды.
Қазақстандық делегация экономикалық құқық бұзушылықтарға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған зияткерлік сайыстарда ел намысын абыроймен қорғады.
Олимпиада жеңімпаздары:
– «Құқықтану» бағыты бойынша – Айшолпан Аманқосова (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті);
– «Халықаралық қатынастар» бағыты бойынша – Дамир Үскембаев (Нархоз университеті).
Олимпиада жүлдегерлері:
– «Құқықтану» бағыты бойынша – Тоғжан Ілиясова (Maqsut Narikbayev University);
– «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша – Мадияр Дүзімбаев (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті);
– «Экономика» бағыты бойынша – Мерей Кәлен (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті), Никита Пильцов (Maqsut Narikbayev University), Даниил Сушкевич (Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті).
Сонымен қатар Даниил Сушкевич пен Игорь Золотарев фиджитал спорт сайысында жеңіске жетті.
Олимпиада апталығы аясында «ТМД елдеріндегі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жастардың рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимылда тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану тәжірибесі таныстырылды.
Дропперлік, интернет-алаяқтық және виртуалды активтерді заңсыз пайдалану секілді қазіргі өзекті қатерлерге ерекше назар аударылды.









