
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру барысы қаралды.
Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асырудың негізгі бағыттары бойынша Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жекелеген салаларды цифрландыру мәселелері бойынша энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «ҚазМұнайГаз» компаниясы басқармасының төрағасы Асхат Хасенов, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев баяндама жасады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы экономиканың негізгі салаларындағы ауқымды өзгерістердің бағдарын айқындап берді.
«Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің ықпалымен экономиканың барлық саласында және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Сондықтан жаңа технологиялар мен сервистер озық қарқынмен дамуы тиіс. Digital Qazaqstan стратегиясын біз айтарлықтай цифрлық базамен жүзеге асыруға кірістік. Ел аумағын интернетпен қамту деңгейі жоғары болды, электрондық қызметтер мен сервистер кеңінен қолданылып жатыр. Осының барлығы енді жекелеген процестерді цифрландыру кезеңінен мемлекетті дамытудың жаппай цифрлық моделінің бірыңғай жүйесіне көшуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер көрсету форматы едәуір жеңілдетілді: көптеген сервистерді «бір ғана батырманы басу» арқылы алуға болады; халыққа қызмет көрсету орталықтары да жаңа форматқа көшуде. Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне атқарылып жатқан жұмыс қарқынын арттыра түсуді тапсырды. Мемлекеттік қызметтердің экожүйесі одан әрі проактивті түрде дамуы керек. Яғни, азаматтарға қыруар өтініш жіберудің қажеті болмайтындай жағдай жасалуы тиіс. Цифрлық салада да басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Ол үшін, ең алдымен, түрлі салалардағы бірқатар мәселені шешу қажет.
Энергетика саласында энергия жүйесін цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Энергетика министрлігі деректерді Energy Command Center-ге шығарып, саланың негізгі нысандары мен ақпараттық жүйелерін бірыңғай цифрлық контурға біріктіруі қажет. Осы жылдың соңына дейін негізгі нысандарға цифрлық түгендеу жүргізіп, салалық деректердің құрамына, сапасы мен берілуіне қойылатын бірыңғай талаптарды бекіту керек. Мұнай-газ саласында жасанды интеллект және кен орындарының цифрлық телнұсқалары өндірістік процестерді басқарудың негізгі стандартына айналуы тиіс. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, осы шешімдерді барлық өндірістік активтерде кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс. 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық телнұсқаларды толық іске қосу қажет. Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау аясында Өнеркәсіп министрлігі цифрлық шешімдердің бүкіл салада кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуі керек, ол үшін негізгі өндірістік деректерді бірыңғай салалық Data Lake жүйесіне біріктіру қажет. Аталған мәселелер жасанды интеллектіні енгізудің негізіне айналуы тиіс. Цифрландыру кәсіпорындарға еңбек өнімділігін көтеру, шығындарды азайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру сияқты нақты нәтиже әкелуі керек.
Премьер-министр отандық цифрлық шешімдерге тұрақты ішкі сұраныс қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Өнеркәсіп министрлігіне екі ай мерзімде отандық цифрлық шешімдерді бірінші кезекте енгізу үшін басымдық берілетін кәсіпорындар мен технологиялық процестердің тізбесін айқындау, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен бірлесіп, отандық роботты техникаларға және пилотсыз шешімдерге ұзақмерзімді сұранысты қалыптастыруды тапсырды. АӨК-ті цифрландыру негізгі салалық деректерді жердің жай-күйі мен өндірістен бастап мемлекеттік қолдау мен өнімді өткізуге дейінгі мәліметтерді бірыңғай жүйеге біріктіре отырып, жаңа деңгейге көтерілуі тиіс. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені әзірлеу жұмысын жеделдету қажет. Онда барлық негізгі процестер мен деректер өзара байланысты болуы керек. Әркелкі салалық әкімшілендіруден ауыл шаруашылығын деректер негізінде басқаруға көшу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде шаруашылықтардың цифрлық деректерін пайдалана отырып, бірінші кезекте проактивті форматқа көшірілетін мемлекеттік қолдау шараларын айқындау тапсырылды.
Урбанизация үдерісінің қарқын алуына байланысты көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артып келеді. Көлік министрлігі ұлттық ауқымдағы бірыңғай цифрлық көлік жүйесін қалыптастыруы қажет. Ол көлік активтерін толық есепке алып, қозғалысты нақты уақыт режимінде басқаруға, жүктемені болжауға және ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерді анықтап, онда қозғалыс легін интеллектуалды басқаруды пилоттық режимде іске қосу тапсырылды. Нәтижесі бойынша ең тиімді шешімдерді кеңінен тарату қажет. «Қазақстан темір жолы» компаниясы бір ай мерзімде тасымалдау туралы деректерді бірыңғай деректер қоймасына беруді аяқтау керек. Көлік министрлігімен бірге компанияны цифрландыруды кезең-кезеңімен дамыту жоспарын бекітіп, тасымалдарды басқарудың отандық технологияларына міндетті түрде көшу қажет. Қаржы саласын цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылды. Бюджеттік жоспарлау, қазынашылық атқару, мемлекеттік активтерді басқару және аудит – барлығы бірыңғай цифрлық жүйеге қосылуы тиіс. Бұзушылықтарды анықталғаннан кейін ғана тіркемей, олардың алдын алуға көшу керек. Ал бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерге қатысты шешімдер болжамды талдау негізінде қабылдануы қажет. Цифрлық теңге осы жүйедегі құралдардың біріне айналып, бюджет қаражатының толық қадағалануын және смарт-келісімшарттарды қолдануды қамтамасыз етуі тиіс. Түптеп келгенде, төлем жасалғаннан кейінгі бақылаудан тікелей төлем сәтіндегі бақылауға көшу керек. Азаматтар мен бизнес үшін салықтық әкімшілендіру барынша байқалмайтын әрі сервистік сипатқа ие болуы қажет. Мемлекетте қазірдің өзінде деректердің едәуір көлемі бар, сондықтан салықтар автоматты түрде есептеліп, есептілікті алдын-ала толтыру керек. Қаржы министрлігіне екі ай мерзімде мемлекеттік деректер мен тәуекелдерді бағалау модельдері негізінде автоматты түрде шешім қабылдауға болатын басым бюджеттік, салықтық және бақылау процестерін айқындап, оларды нақты жүзеге асыру тапсырылды.
Премьер-министр сондай-ақ Digital Qazaqstan стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Digital Qazaqstan стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен нақты байланысты болуға тиіс. Жасанды интеллект министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін стратегияның нысаналы индикаторларын мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлық даму жоспарларына жіктеп енгізсін. Стратегияны жүзеге асыру іске қосылған жобалардың саны бойынша емес, белгіленген көрсеткіштердің нақты орындалуына қарай бағалануы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобалары шашыраңқы болмауына ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект министрлігі екі ай ішінде іске асырылып жатқан және жоспарланған цифрлық жобаларды қайта қарап, бірін-бірі қайталайтын шешімдерді анықтасын және оларды бірыңғай архитектура мен ортақ мемлекеттік платформаларға шоғырландыруды қамтамасыз етсін. Бұл ресурстарды шын мәнінде маңызды жобаларға бағыттауға және бірдей функционалды бірнеше рет қаржыландырмауға мүмкіндік береді.
«Стратегияны жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаржылық және технологиялық ресурстар қажет. Бұл ретте олардың көптеген шашыраңқы бастамаларға тиімсіз бөлінуіне жол бермеу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін цифрлық жобаларға басымдық берсін. Стратегияның көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей ықпал ететін шешімдерді бірінші кезекте қаржыландыру қажет. Цифрландыруға қатысты барлық жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan архитектурасы мен басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ күтілетін экономикалық әсері тұрғысынан ескеріле отырып қаралуға тиіс. Жалпы алғанда, стратегияның әрбір бағыты бойынша нақты жобалар, көрсеткіштер, мерзімдер және жауапты орындаушылар бекітілген. Бірінші басшылар түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін тікелей жауап береді.
Жалпы бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Жасанды интеллект #Үкімет отырысы









