
28-30 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында қой мен ешкі блютангының таралуы кезіндегі іс-шараларды пысықтау бойынша симуляциялық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығулар Қазақстан Республикасы ветеринариялық қызметінің 2026 жылға бекітілген симуляциялық жаттығулар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды
Негізгі мақсаты – ветеринариялық қызметтің жедел ден қоюға, аурудың ықтимал ошағын оқшаулауға және жоюға дайындығын тексеру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру. Практикалық іс-шаралар барысында мамандар ауруға күдікті анықтау, эпизоотологиялық тексеру жүргізу, сынамалар алып, зертханалық зерттеуге жіберу, күмәнді жануарларды оқшаулау, шектеу аймақтарын белгілеу және эпизоотияға қарсы іс-шаралар кешенін жүргізу кезіндегі іс-қимылдар тәртібін пысықтады. Жедел ақпарат алмасуға, басқарушылық шешімдер қабылдауға және ветеринариялық қызметтің төтенше жағдайлар, ішкі істер және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығуға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар мен ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары қатысты.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы ветеринариялық қызметінің аумақтық органдарының блютанг ошағы пайда болған кезде уақтылы ден қоюға және қажетті іс-шараларды өткізуге дайындығы расталды. Өткізілген оқу-жаттығулар мамандардың практикалық дайындығын арттыруға, ден қоюдың қолданыстағы алгоритмдерінің тиімділігін бағалауға және барлық жұмылдырылған қызметтердің өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік берді.







