
Астанада Ұстаздар күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына еселі еңбек сіңіріп жүрген 30 педагогке жоғары мемлекеттік наградаларды табыстады.
Мемлекеттік марапатқа ие болған ұстаздардың қатарында Павлодар облысы Теренкөл ауданы Томарлы ауылының жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеушісі Ахметжан Садықов та бар.
Ұстазға ел алдындағы айрықша еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Ахметжан Садықов – білім беру саласында 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог. Ол 2008 жылдан бері Томарлы ауылындағы мектепте қызмет етіп, талай шәкірттің білімге деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар беріп келеді.
Ұстаздың шәкірттері республикалық зияткерлік олимпиадаларда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, түрлі республикалық байқауларда сертификаттармен марапатталған. Сондай-ақ оның оқушылары облыстық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпазы атанып жүр.
Ұстаз еңбегі – ұрпақ болашағына салынған ең маңызды инвестиция. Ахметжан Садықовтың жоғары мемлекеттік наградамен марапатталуы – ұзақ жылғы адал еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және шәкірт жетістігіне қосқан үлесінің лайықты бағасы.
Құрметті Ахметжан Садықұлы! Мемлекеттік марапатыңыз құтты болсын! Еңбегіңіз еленіп, шәкірттеріңіздің жетістігі еселене берсін!









