
Бала туғанда берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген және өзінің туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар шетел азаматтарына бала туған күннен бастап беріледі.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерге сәйкес, балалы отбасыларды қолдау тек Қазақстан Республикасының азаматтарымен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2341 Жарлығымен ратификацияланған «Балалы отбасыларға әлеуметтік жәрдемақылар, өтемақы төлемдерін және алименттер төлеу саласындағы азаматтардың құқықтарының кепілдіктері туралы» Келісімнің (1994 жылғы 9 қыркүйектегі) негізінде Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының, Молдова Республикасының, Беларусь Республикасының, Армения Республикасының, Ресей Федерациясының және Әзірбайжан Республикасының азаматтары да тиісті құқықтарға ие. Аталған мемлекеттердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұру кезеңінде, балалары болған жағдайда, Келісім шарттарына сәйкес балалы отбасылар үшін көзделген әлеуметтік жәрдемақылар мен өтемақыларды алуға толық құқылы.
Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері:
- бірінші, екінші, үшінші балаға — 38 АЕК немесе 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға — 63 АЕК немесе 272 475 теңге.
Бала туғанда берілетін жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетел азаматтарына беріледі.
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда, тірі туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:
- бірінші балаға — 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;
- екінші балаға — 6,81 АЕК немесе 29 454 теңге;
- үшінші балаға — 7,85 АЕК немесе 33 952 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға — 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.








