
ҚР Қаржы министрлігі кірісті қалыптастыру, бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және қазынашылық орындау процестерін бірыңғай цифрлы контурға біріктіруді көздейтін мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясын жалғастырып келеді .
Қазір цифрландырудың нәтижесінде айтарлықтай экономикалық серпін байқалып отыр. Мәселен, бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсіп, сондай-ақ бюджетті жоспарлау кезінде фискалды деректерді қолдану жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 1,5 трлн теңгеге дейін орынсыз шығыстардың алдын алынды.
Бұған қоса платформалық жұмыспен қамтуды дамыту жалғасып жатыр. Арнайы салық режіміне 38 цифрлы платформа қосылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 804,8 мың адамға жетті. 600 мыңнан астам азамат ресми экономикалық айналымға жұмылдырылды.
Сонымен бірге салық есебі мен есептеулерді автоматтандыруды көздейтін «сервис түріндегі салық» қағидасы іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – «батырманы бір-ақ басу» негізіндегі есеп форматына көшу.
ЖИ қолданыс аясын кеңейтуге ерекше мән берілген. Айталық, қосымша 672 тәуекел айқындалып, бұл бақылаудың дәлдігін арттырып, кәсібін адал түрде жүргізетін жандарға әкімшілік жүктемені азайтуға жол ашады.
2029 жылға қарай ШОБ салық міндеттемелерінің кемінде 80% ЖИ көмегімен алдын ала толтыруды жолға қойып, салықты уақтылы әрі адал төлейтін азаматтарды тексеруді 50% азайту жоспарланған.
Бұл ретте цифрлы трансформация мемлекеттік қаржы саласын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін нығайтып, әкімшілік жүктемені азайтуға, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға арналған озық сервистерді дамытуға бағытталғанын айта кетейік.




