
«Сарыарқа» ауданында тұрғын сектордағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Аудандық ТЖ қызметкерлері аудан әкімдігі мен полиция өкілдерімен бірлесіп, үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде, пешпен жылыту жүйесі мен электр желілерінің жағдайын тексеруде. Әсіресе жеке секторда және жатақханаларда тұратын отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — көміртек тотығы датчиктерін орнату. Бүгінде әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне 200-ден астам осындай құрылғы орнатылды. Сонымен қатар көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсетілуде, яғни, мұржалар тазартылып, электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үйлерді қысқы кезеңге дайындау мәселелері шешілуде.
Сонымен қатар тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарға жадынамалар таратылып, кездесулер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Аудан мектептерінде оқушыларға қауіпсіздік сабақтары өткізілуде.








