Астана қаласы "Сарыарқа" ауданы әкімінің аппараты

    Әкімдік туралы

    Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты (әрі қарай - Аппарат) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме болып табылады.

    Аппарат қызметінің негізгі мақсаты – Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы аумағының мүддесі мен тұтынымына сәйкес атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізу.

    Аудан аумағы 6 775 га., аудан халқы – 340 мың адам. Аудан аумағы – «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» іргелес тұрғын алаптары болып белгіленеді.

    Жаңалықтар

    Барлық жаңалықтар
    Ақпарат

    Зейнетақы жинақтарын тұрақты түрде қалыптастыратын қазақстандықтардың саны артып келеді

    Қазақстанда азаматтардың лайықты зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты саналы көзқарасы жыл санап дамып келеді. Бұл үрдіс басқа елдерде әлдеқашан қалыптасқан тәжірибе. Зейнетақы жинақтарын өзінің қартайған кездегі әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді қаржылық капиталы ретінде қабылдайтын азаматтар саны көбеюде. Бұған зейнетақы жинақтары көлемінің серпінді өсуі, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен (ЖЗЖ) қамту ауқымының кеңеюі, зейнетақы жарналарын тұрақты төлейтін азаматтар санының артуы дәлел. Зейнетақы шоттары мен ондағы жинақтардың өсуі 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары 28,09 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 4,08 трлн теңгеге немесе 17,0%-ға өсті. ЖЗЖ дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – зейнетақы шоттары санының тұрақты өсуі. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-да 18,78 млн зейнетақы шоты ашылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,11 млн немесе 6,3%-ға көп. Олардың ішінде салымшылардың (алушылардың) 12,80 млн жеке зейнетақы шоты бар. Оның ішінде 11,36 млн шот – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 786,27 мың шот – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), 462,40 мың шот – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша ашылған. Бұдан бөлек, БЖЗҚ-да жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша келіп түскен мәліметтер есепке алынатын 5,97 млн шартты зейнетақы шоты ашылған. Шоттар мен жинақтар туралы барлық ақпарат ашық әрі азаматтарға тәулік бойы, аптасына 7 күн қолжетімді. Оны БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке үзінді көшірмеден, сондай-ақ БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелерінен алуға болады. Халықтың зейнетақы жарналарын төлеу белсенділігін қалай бағалаған жөн? Азаматтардың зейнетақы жарналарын төлеу белсенділігін бағалау кезінде бірқатар маңызды жайттарды ескеру қажет. МЗЖ есепке алынатын шоттардың жалпы санына (11,36 млн) объективті себептерге байланысты жарналар түспейтін шоттар да кіреді. Оларға азаматтардың мынадай санаттары жатады: зейнет жасына жетіп, зейнетақы төлемдерін алып жүрген және еңбек қызметін әрі қарай жалғастырып, табысы болған жағдайда да зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған зейнеткерлер; мерзімсіз уақытқа бірінші және екінші топтағы мүгедектігі белгіленген адамдар; 2016 жылдан бастап толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшірілген әскери қызметшілер; елден тыс жерлерге тұрақты тұруға көшіп кеткен, бірақ зейнетақы жинақтарын алуға жүгінбеген салымшылар; қайтыс болған, ал мұрагерлері зейнетақы жинақтарына мұрагерлік рәсімін әлі ресімдемеген салымшылар; Қазақстан заңнамасына сәйкес шоттарына зейнетақы жарналары түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттары. Сонымен қатар, әр адамның өмірінде зейнетақы жарналары төленуі тиіс табысы болмайтын объективті жағдайлар кездеседі. Оларға мыналар жатады: оқу орындарында білім алу; әскери қызмет өткеру; балаға және туыстарына күтім жасау; жұмыс іздеу және жұмыс ауыстыру кезеңдері; шетелде жұмыс істеу; жұмыстың маусымдық сипатына байланысты үзілістер; күнтізбелік жыл ішінде табысы тұрақты түрде түспейтін жұмысты атқару; ұзақ уақыт емделуге және оңалтуға байланысты кезеңдер. Сондықтан халықаралық тәжірибеде халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартылуын бағалаудың жалпыға бірдей қабылданған әрі неғұрлым объективті көрсеткіштері ретінде табыс алатын азаматтардың саны және сәйкесінше жыл ішінде кемінде бір жарна түскен белсенді жеке зейнетақы шоттарыныңсаны қарастырылады. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай шоттардың саны 7,20 млн-нан 7,34 млн-ға дейін, яғни 150,3 мың шотқа артты. Сәйкесінше, бұл шоттардағы зейнетақы жинақтарының көлемі де өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың көлемі 20,95 трлн теңгеден 22,24 трлн теңгеге дейін, яғни шамамен 1,29 трлн теңгеге немесе 6,2%-ға ұлғайды. Белсенді шоттардың негізгі бөлігі тұрақты еңбек қызметін жүзеге асыратын және МЗЖ-ны жүйелі түрде төлейтін азаматтарға тиесілі. Олардың саны алты ай ішінде 6,77 млн-нан 6,93 млн-ға дейін өсті, ал осы шоттардағы жинақтар 20,10 трлн теңгеден 21,07 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Зейнетақы жарналарын төлеудің тұрақтылығы мен толықтығы ЖЗЖ-ға қатысу ұзақтығынан бөлек, жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың маңызды факторларының бірі – жарналарды тұрақты әрі толық көлемде төлеу. Қазақстанда бір жыл ішіндегі МЗЖ төлеудің орташа тұрақтылық көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді: - жалдамалы қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш 2024 жылғы 8,95 жарнадан 2025 жылы 8,98 жарнаға дейін өсті; - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында 7,36-дан 7,53 жарнаға дейін артты. Бұл ретте 2025 жылы жалдамалы қызметкерлердің 80%-ы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 64%-ы зейнетақы жарналарын жылына 6-дан 12 ретке дейін аударған. 2025 жылы жарналардың орташа мөлшері жалдамалы қызметкерлер арасында 43 661 теңгені құрады. Бұл республика бойынша орташа жалақы деңгейіндегі табыстан төленетін жарна мөлшерімен үйлеседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында бұл көрсеткіш 23 225 теңге болды, бұл ең төменгі жалақыдан жоғары, алайда медиандық жалақыдан төмен табыстан төленетін жарнаны көрсетеді. Ұзақ мерзімді динамика да халықты ЖЗЖ-мен қамту деңгейінің және МЗЖ төлеу тәртібінің біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Егер 2015 жылы МЗЖ есепке алынатын белсенді шоттардың саны 6,07 млн болса, 2025 жылы олардың саны 7,20 млн-нан асты. Жарналарды жылына 6-дан 12 ретке дейін төлейтін азаматтардың үлесі 2015 жылғы 71%-дан 2025 жылы 78%-ға дейін өсті. Тиісінше, жарналарды жүйелі түрде емес, яғни жылына 1-ден 5 ретке дейін аударатын азаматтардың үлесі 29%-дан 22%-ға дейін төмендеді. Зейнетақы жарналарының салымшылар табысының деңгейіне тәуелділігі Салымшылардың табыс деңгейіне қарай МЗЖ есепке алынатын белсенді жеке шоттардың құрылымында да оң өзгерістер байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай) ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен табыстан жарна төленетін шоттардың үлесі 12%-дан 9%-ға дейін қысқарды. Мұндай шоттардың саны 838,3 мыңнан 652,4 мыңға дейін, яғни 22,2%-ға азайды. Олардың қатарына жұмыс күні толық емес немесе ауысымдық жұмыспен қамтылған салымшылар жатады. Сонымен бірге жоғары мөлшердегі табыстан жарна түсетін шоттардың да саны артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медиандық жалақыдан орташа айлық жалақыға дейінгі аралықтағы табысы бар белсенді шоттардың үлесі 44%-дан (2025 жылғы 1 қаңтардағы) 45%-ға (2026 жылғы 1 қаңтарда) дейін өсті. Ал мұндай белсенді шоттардың саны 3,17 млн-нан 3,28 млн-ға дейін артты. Бұл динамика ресми жұмыспен қамту және табыстың өсуін ғана емес, азаматтардың өз табыстарынан жарналарды ашық әрі толық көлемде төлеу арқылы қалыптастыруға ұмтылысын да көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы қызметкерлердің жүйемен қамтылу деңгейі 91%-ға жетті. Бұл олардың толық дерлік қамтылғанын және зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы белсенділіктерін көрсетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында қамту деңгейі төменірек. Осыған байланысты халықаралық оң тәжірибені ескере отырып, оларды зейнетақы жүйесіне тарту бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет. Бұл аса маңызды, өйткені базалық зейнетақы мөлшері де еңбек өтіліне байланысты. Ал еңбек өтілі БЖЗҚ-ға МЗЖ-ның ай сайын түсуі негізінде айқындалады. Осылайша, қазіргі жағдайда зейнетақы жинақтарын қалыптастыру зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты қамтамасыз ету тетігі ғана емес, сонымен қатар қоғамның қаржылық мәдениеті мен азаматтардың қаржылық дербестігінің маңызды элементіне айналып келеді. Азаматтар өз шоттарының жай-күйін үнемі бақылап, БЖЗҚ-ның электрондық сервистерін пайдаланады, инвестициялық кірісті қадағалап, зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктерін зерделейді. Азаматтардың өз жинақтарын қалыптастыруға қатысуы, жарналарды тұрақты түрде төлеуі және жинақтарды басқаруға қызығушылық танытуы Қазақстанда ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте болашақтағы әл-ауқат үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың өздері үшін ортақ міндетке айналуда.

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Зейнетақы жинақтары – өз бақылауыңызда: БЖЗҚ салымшыларының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілуде

    2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне[1] енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен инвестициялық портфельдерді өз бетінше таңдау құқықтарын едәуір кеңейтеді. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. Жаңашылдықтардың мақсаты – ең қолайлы инвестициялық стратегиясы мен табыстылық тарихы бар ИПБ-ны таңдау арқылы жинақтарды басқарудың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру. Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мен ЕЗЖ аударылатын жеке тұлғалар сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға, бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдауға мүмкіндік алады. Таңдау мүмкіндігі арта түседі Заңнамаға сәйкес әрбір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, инвестициялар құрылымы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін (консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Үш түрлі портфельдің болуы инвестицияларды салымшының жасына және жеке мүдделеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Ал жинақтарды бірнеше ИПБ арасында бөлу құқығы олардың табыстылығының ауытқуына тәуелділікті азайтады. ИПБ-ның инвестициялық портфельдерін қалыптастыруға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) айқындайды. Барлық ақпарат – бір платформада Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Платформа табыстылық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың) басқаруындағы инвестициялық портфельдердің көрсеткіштерін динамикада салыстыруға мүмкіндік береді. Салымшы инвестициялық портфельдерді бағалап, өзінің мүддесі мен инвестициялық мақсаттарына сәйкес басқарушыны және оның инвестициялық стратегияларын дербес таңдай алады. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға қалай беруге болады? Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілген инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) тізілімінен басқарушы компанияны таңдауы және өтініш беруі қажет. (Толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға аудару – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған.) Өтінішті: kz сайтындағы жеке кабинет арқылы (электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып); жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну арқылы БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде беруге болады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға беру, бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру немесе жинақтарды ИПБ-дан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруына қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық мына сілтеме бойынша орналастырылған: https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/. Өтініштің орындалу мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинеттен («Өтініштер» бөлімі) қадағалауға болады. Өтініштерді қабылдау және өңдеу үдерісі толық автоматтандырылған. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыруға немесе оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтаруға жинақтар инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілген күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін ғана рұқсат беріледі. ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын қорғау тетіктері Зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюі салымшының жауапкершілігінің де артуын білдіреді. ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі. Ол ұсынылатын инвестициялық стратегияны, инвестициялық портфельдің құрылымын, тәуекел деңгейін және активтерді басқару нәтижелерін өз бетінше бағалайды. Заңнамада зейнетақы жинақтарын қорғаудың кешенді жүйесі көзделген: ИПБ-ның қаржылық жауапкершілігі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстылықтың эталоны ретінде қолданылатын композиттік индекстер жүйесі енгізілді. Егер инвестициялық портфельдің табыстылығы белгіленген бағдардан төмен болса, басқарушы компания айырманы өз капиталы есебінен салымшыға өтеуге міндетті. Тәуелсіз кастодиан-банк. Барлық активтер кастодиан-банкте (тәуелсіз ірі банкте) сақталады. Ол активтердің заңнама талаптарына сәйкес орналастырылуын бақылайды. Бұл ретте активтер салымшының БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) есепке алынуын жалғастырады және ИПБ-ның меншікті активтерінен бөлек сақталады. ИПБ банкрот болған жағдайда салымшылардың зейнетақы активтері оның міндеттемелерін орындауға пайдаланылмайды. Инвестициялық шектеулер және әртараптандыру. Реттеуші ИПБ инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін белгілейді. Олардың қатарына Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың үлестік және борыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ тиісті кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер мен бейрезидент-банктердегі салымдар кіреді. Жоғары тәуекелді цифрлық және криптоактивтер бұл тізбеге енгізілмеген, сондықтан зейнетақы жинақтарын оларға инвестициялауға жол берілмейді. Сонымен қатар заңнамада инвестициялау лимиттері белгіленген. Әрбір ИПБ реттеуші талаптарын ескере отырып, өзінің инвестициялық декларациясында басқару стратегиясын дербес айқындайды. Басқарушы компанияларға қойылатын талаптар. Зейнетақы активтерін басқаруға қаржылық тұрғыдан орнықты ИПБ ғана жіберіледі. Ол реттеушінің капитал жеткіліктілігіне, клиенттердің активтерін басқару тәжірибесіне, сондай-ақ ірі акционерінің немесе рейтингі «BBB» деңгейінен төмен емес бейрезидент акционерінің болуына қатысты реттеушінің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген ИПБ-лар тізілімі ҚНРДА мен БЖЗҚ-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару алты компанияның құзыретінде: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ[2], «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ. ИПБ тізілімнен шығарылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады.

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,09 трлн теңгеге жетті

    Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 шілдесіне 28,09 трлн теңгеболды. 12 айдағы өсім – 4,08 трлн теңгенемесе 17,0%. Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ) қалыптасқан. Жарнаның бұл түрінің есепті күндегі көлемі – 26,15 трлн теңге,12 айда 3,30 трлн теңгеге немесе 14,4% өсті. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 10,7%-ға ұлғайып, 756,08 млрд теңгегежетті. Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 шілдеге оның көлемі 10,31 млрд теңге болып, 12 айда 18,1% өсім көрсетті. Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да ұлғаюда. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 шілдесіне 1 175,22млрд теңгеболды. Түсімдер Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың алғашқы 6 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 1 811,42млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,0%-ға (немесе 235,96 млрд теңгеге) артық. МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 шілдеге дейін 1 390,48 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 7,4%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 75,43 млрд теңге (өсім – 11,1%), ЕЗЖ – 1,04 млн теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.07.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 344,47 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.07.2026ж. жағдай бойынша 1 151,22 млрд теңгені құрады. Төлемдер мен аударымдар 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 932,09млрд теңгеніқұрады. Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 146,63 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 38 979 теңге. 2026 жылдың басынан бастап 01.07.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 408,11 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 55,48 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 22,59 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 1,77 млрд теңге, жерлеуге – 4,73 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 292,78 млрд теңге аударылды. ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 18,78 млн бірлік (12 айдағы өсім – 1,11 млн бірлік немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 шілдесінде 12,80 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,36 млн - МЗЖ бойынша, 786,27 мыңы - МКЗЖ бойынша, 462,40 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,36 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді. БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 5,97 млнбірлік. Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Зейнетақы жинақтарын сақтау және зейнетақы активтерін басқару туралы

    Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін азаматтардың зейнетақы жинақтарымен не болмақ? Олардың сақталуына кепілдік беріле ме? Бұл кепілдік немен қамтамасыз етіледі? Әлеуметтік кодекстің 217-бабында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына кепілдік береді» деп көзделген. Мемлекеттің зейнетақы активтерінің сақталуына беретін кепілдігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (Ұлттық банк, ҚРҰБ) де, ИПБ-лардың да инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін орналастыру кезінде оларды әртараптандыру және тәуекелдерді төмендету жөніндегі талаптарды сақтау, сондай-ақ басқа да реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі мемлекеттік реттеу, бақылау мен жауапкершілік аясында қала береді. Зейнетақы активтерін кім басқарады? Зейнетақы активтерін инвестициялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚР ҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтарын осындай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – оларды түрлі қаржы құралдарына инвестициялау және инвестициялық кіріс алу. Зейнетақы активтерін басқаратын ҚР ҰБ мен ИПБ-лардың өздерінің инвестициялық стратегиялары бар және олар инвестициялық декларация шеңберінде инвестициялық портфельдің құрылымын дербес айқындайды. ИПБ-лардың қолданыстағы тізіліміне қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы зерделеуге болады. Заңнамалық өзгерістерде міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беру мүмкіндігі көзделген. Бұл механизм қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік кодекстің 40-бабына сәйкес салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру және/немесе оларды Ұлттық Банктің басқаруында қалдыру туралы шешімді дербес қабылдау құқығы берілген. 2026 жылғы қыркүйекте салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін заңнамалық өзгерістер де күшіне енеді. Егер қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін ИПБ-ның басқаруына бере алатын болса, күзден бастап олар ерікті зейнетақы жинақтары сияқты міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарын да толық көлемде ИПБ-ның басқаруына бере алады. Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ түрлі инвестициялық портфельдерді, яғни зейнетақы активтерін басқару үшін ИПБ ұсынатын инвестициялық стратегияларды өз бетінше таңдай алады. Бұл стратегиялар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленеді. Ақшаны ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы белгіленген нысандағы өтінішті беруі қажет. Мұны электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті, invest.enpf.kz интернет-платформасы арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына берудің тиімділігі қандай? Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан таба алады? Басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылауға болады? Зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін ИПБ-ның басқаруына беру салымшыларға кірістілік тарихы неғұрлым үздік немесе неғұрлым агрессивті инвестициялық стратегия ұсынатын ИПБ-ны таңдау арқылы капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді. БЖЗҚ – зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт, оның 100% акциясы Үкіметке тиесілі. Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру құқығын іске асыруына байланысты БЖЗҚ-ның институционалдық міндеті де арта түсті. БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚР ҰБ және/немесе ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы. БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады, сондай-ақ азаматтардың жинақтары туралы ақпаратты үзінді көшірмелерде тәулік бойы, яғни «24/7» режимінде толық көрсетеді. Бұдан бөлек, БЖЗҚ салымшылары үшін заманауи цифрлық ресурс ретінде ақпараттық интернет-платформа (invest.enpf.kz) іске қосылды. Ол барлық басқарушылардың (ҚР ҰБ мен ИПБ-лардың) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Invest.enpf.kz платформасы кірістілік туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ белгіленген кезеңдер аралығындағы динамикада активтерді басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша көрсеткіштерді салыстыруға болады. Осы платформа арқылы салымшылар: инвестициялық портфельдердің құрылымымен; әртүрлі кезеңдердегі кірістілік көрсеткіштерімен; инвестициялық құралдардың құрамымен; түрлі басқарушылардың салыстырмалы сипаттамаларымен; инвестициялық декларациялармен және басқару стратегияларымен таныса алады. Сонымен қатар инвестициялық қызмет туралы ақпарат enpf.kz сайтында және invest.enpf.kz интернет-платформасында тұрақты түрде жарияланып, жаңартылып отырады. Зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға берілген ИПБ-ның жауапкершілігі қалай қамтамасыз етіледі? Салымшы зейнетақы активтерін басқаратын ИПБ-ны және инвестициялық портфельді, яғни тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдауға құқылы. Өз кезегінде, ИПБ-ға зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару бойынша заңнамада белгіленген жауапкершілік жүктеледі. ИПБ алған номиналды кірістілік пен реттеушінің талаптарына сәйкес есептелген кірістіліктің ең төменгі мәні арасында теріс айырма болған жағдайда, ИПБ бұл теріс айырманы өзінің меншікті капиталы есебінен өтейді.

    Жарияланды:
    Ақпарат

    Әлем елдерінде зейнетақы жинақтары қалай қорғалады?

    Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттер зейнетақы жүйелерінің ұлттық ерекшеліктеріне қарай зейнетақы жинақтарын қорғаудың әртүрлі тетіктерін қолданады. Көптеген елдерде зейнетақы жүйелеріне қатысушылардың құқықтарын қорғау зейнетақы төлемдері бойынша міндеттемелердің орындалмау тәуекелдерін сақтандыру, зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметін мемлекеттік қадағалау, сондай-ақ олардың қаржылық тұрақтылығы мен тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу сияқты тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Демек, негізгі басымдық тұрақты реттеу жүйесін қалыптастыруға, тиімді қадағалауды қамтамасыз етуге және жауапкершілікті мемлекет, қорлар мен басқарушы компаниялар арасында бөлуге беріледі. АҚШ-та белгіленген төлемдер жүйесіне (Defined Benefits, DB) негізделген корпоративтік зейнетақы жоспарларын Pension Benefit Guaranty Corporation (PBGC)[1] федералдық сақтандыру жүйесі қорғайды. Бұл жүйе жұмыс берушінің қызметкердің зейнетақы жинақтарын қалыптастыру бойынша өз міндеттемелерін орындауға қабілетсіз болған жағдайда, корпоративтік зейнетақы жоспары бойынша (заңда белгіленген шектерде) қызметкер алдындағы зейнетақы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Ұлыбританияда мұндай функцияларды Pension Protection Fund (PPF)[2] атқарады. Осыған ұқсас тетіктер Германияда да қолданылады. Бұл ретте осы тәрізді сақтандыру жүйелері тек белгіленген төлемдерге (Defined Benefits, DB) негізделген корпоративтік зейнетақы жоспарларына қолданылады және белгіленген жарналарға (Defined Contributions, DC) негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қолданылмайды. Кейбір елдерде зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігін қамтамасыз ету тетіктері көзделген. Олар абсолюттік номиналды мәнде де(мысалы, Бельгияда, Швейцарияда, Малайзияда, Сингапурда), сондай-ақ салыстырмалы түрде, яғни белгілі бір бағдарлық көрсеткішпен салыстыру арқылы, мысалы, орташа кірістілікке қатысты (Латын Америкасы елдерінде) белгіленуі мүмкін. Бельгия мен Швейцарияда міндетті кәсіптік зейнетақы қорларындағы кірістіліктің ең төменгі номиналды мөлшерлемесі заңнамамен бекітілген. Ол жұмыс берушінің өз қызметкерінің зейнетақы жоспары бойынша міндеттемелерін есептеу кезінде пайдаланылады. Латын Америкасының бірқатар елдерінде (Чили, Колумбия, Сальвадор) ең төменгі кірістілік зейнетақы қорларының тиісті түрлері арасындағы орташа кірістілікке қатысты айқындалады. Егер зейнетақы қорын басқарушы (Administradora de Fondos de Pensiones, AFP) ең төменгі кірістілікті қамтамасыз ете алмаса, айырма қалыптастырылған резервтер (кепілдік резерві) есебінен өтеледі. Азияның бірқатар елдерінде де зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігіне қатысты талаптар қолданылады. Малайзияда қызметкерлердің жинақтаушы қоры (Employees Pension Fund, EPF) зейнетақы жинақтарының жылдық номиналды кірістілігіне кемінде 2,5% мөлшерінде кепілдік береді. Сингапурда Орталық жинақтаушы қор (Central Provident Fund, CPF) жылына 2,5%-дан 4%-ға дейінгі ең төменгі номиналды кірістілікті (шоттың түріне қарай) қамтамасыз етеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің іс жүзінде барлығында зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметі мемлекет тарапынан тәуекелге бағдарланған қадағалауға алынып, капиталдың жеткіліктілігіне, резервтерді қалыптастыруға, тәуекелдерді басқару жүйесіне және клиенттердің активтерін инвестициялық басқарудың кәсіби стандарттарын сақтауға қатысты қатаң талаптар қойылады. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйелері дамыған сайын негізгі басымдық тиімді реттеуге, тәуекелге бағдарланған қадағалауға, сондай-ақ салымшылардың құқықтары мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге қарай ауысып келеді. Қазақстанның зейнетақы жүйесі де осы бағытта дамып келеді. Еске сала кетейік, заңнамалық өзгерістер азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Салымшы әртүрлі инвестициялық стратегиялар мен портфельдерді ұсынатын бір немесе бірнеше басқарушы компанияны өз бетінше таңдап, өзінің жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін олардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Инвестициялық мүмкіндіктердің кеңеюі және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру шараларының іске асырылуымен бірге зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету тәсілдері де өзгеруде. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттің кепілдігі БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл ретте мемлекеттің негізгі міндеттемелері зейнетақының мемлекеттік құрамдас бөлігінің (базалық және ынтымақты зейнетақылардың) жеткіліктілігін сақтауға шоғырландырылады.

    Жарияланды:
    Ақпарат

    ҚРҰБ және ИПБ басқаруындағы инвестициялық портфельдердің 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдайы

    "БЖЗҚ" АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) enpf.kz сайтындағы "Статистика және аналитика – Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (бұдан әрі - ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы есебін ұсынды. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ҚРҰБ және ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 28 081,70 млрд теңгені құрады. Осы күнгі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 26 786,27 млрд теңгені[1] құрады. ҚРҰБ сенімгерлік басқаруындағы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің көлемі - 1173,59 млрд. теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 121,84млрд теңгені құрады. ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде теңгерімді инвестициялық саясатты ұстанады: валюталар, елдер, секторлар және эмитенттер бойынша қаржы құралдарының сан-алуан түрлеріне инвестициялайды. ҚРҰБ ұсынған ақпарат бойынша 2026 жылғы 1 шілдеде МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары төмендегідей: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 43,32%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 7,87%, ҚРҰБ депозиттері – 3,71%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 2,57%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 2,07%, МҚҰ – 0,97%, шет мемлекеттердің МБҚ – 0,41%. Активтердің 38,37%-ы индексті басқару шеңберінде инвестицияланады. Бұл тәсіл инвестордың стратегиялық мүдделерін көрсететін бағалы қағаздар жиынтығы болып табылатын эталондық портфельге бағдарланған инвестициялық портфельді қалыптастыруды көздейді. Эталондық портфельдің кірістілігі басқару тиімділігін бағалау кезінде шара ретінде қызмет етеді. Эталондық портфель ретінде жетекші әлемдік қаржы компаниялары немесе ҚРҰБ әзірлеген және қадағалайтын индекстер пайдаланылады. Активтерді индекстік басқаруды ҚРҰБ дербес, сондай-ақ дамыған елдер облигацияларының субпортфеліне, дамушы елдер облигацияларының қосалқы портфеліне, корпоративтік облигациялардың қосалқы портфеліне және акциялардың қосалқы портфеліне қатысты шетелдік басқарушы компанияларды тарта отырып жүзеге асырады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ есебінен сатып алынған қаржы құралдары номинацияланған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель мынадай: ұлттық валютадағы инвестициялар – 59,00%, АҚШ долларымен – зейнетақы активтері портфелінің 41,00%. Инвестициялау нәтижесінде бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі табыс, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша кіріс 1 114,54 млрд теңгені, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 91,69 млрд теңгені, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер, оның ішінде бағамдық қайта бағалау есебімен - 127,62 млрд теңге, өзге кірістер – 3,33 млрд теңге. Сыртқы басқарудағы активтерді қоспағанда, шетел валютасында инвестицияланған бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалау теріс болып қалыптасты. 2025 жылғы шілдеден бастап 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 2,51 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік 10,29%-ды құрады. 2026 жылғы 1 шілдедегі ЖМЗЖ инвестициялау бағыттары келесідей: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 88,17%, ҚРҰБ депозиттері – 8,74%, РЕПО операциялары – 3,08%, инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат – 0,01%. ЖМЗЖ есебінен инвестициялық портфель тек ұлттық валютада номиналданған қаржы құралдарынан тұрады. Бағалы қағаздар бойынша, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша сыйақы түріндегі кіріс – 69,44 млрд теңге. Бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалау салымшыларға 1,69 млрд теңге кіріс әкелді. 2026 жылғы шілдеге дейінгі соңғы 12 айда ЖМЗЖ бойынша есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 122,77 млрд теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік – 16,84%. ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында берілген. Сондай-ақ, enpf.kz сайтында ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша портфель құрылымы туралы ақпарат орналастырылды. Инвестициялық портфельді басқарушылар ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 121,84 млрд теңге. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Alatau City Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 19,32 млрд теңге. Компанияның негізгі инвестициялары: Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 31,79%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 14,57%, ҚР екінші деңгейдегі банктерінің (ЕДБ) облигациялары – 10,80%, шет мемлекеттердің МБҚ – 9,42%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 8,19%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 6,24%, РЕПО – 4,99%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 4,28%, МҚҰ – 2,94%,. Атап кетейік, портфельдің 44,66% теңгемен, 54,48% АҚШ долларымен, 0,86% басқа валюталарда ұсынылған. Зейнетақы активтерінің 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілігі – 13,88%. "Alatau City Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының эмитенттері көрсетілген инвестициялық портфелінің егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. 01.07.2026ж. жағдай бойынша "BCC Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 15,53 млрд теңге. Инвестициялардың негізгі бағыттары: ҚР ҚМ МБҚ – 28,58%, ҚР ЕДБ облигациялары – 20,35%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 15,72%, Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған акциялар мен депозитарлық қолхаттар – 9,00%, ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 8,12%, активтерінің құрылымы MSCI ACWI индексінің құрамдас бөліктерінің құрылымын қайталайтын Exchange Traded Funds пайлары – 5,55%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 5,42%. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфельдің 67,76%-ын, АҚШ долларымен 32,24%-ын құрайды. Зейнетақы активтерінің 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілігі – 11,41%. "BCC Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. 01.07.2026ж. жағдай бойынша "Halyk Global Markets" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 6,95 млрд теңгеболды. Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар: шетелдік эмитенттердің үлестік құралдары (ETF пайлары) – 26,64%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 17,64%, ҚР ЕДБ облигациялары – 15,45%, кері РЕПО (90 күнтізбелік күннен аспайтын) – 10,39%, ҚРҰБ ноттары – 7,04%, Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған акциялар мен депозитарлық қолхаттар – 6,10%, ҚР ұйымдарының корпоративтік облигациялары – 5,91%, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 5,58%, шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар – 4,97%. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфельдің 63,26%-на, АҚШ долларымен 36,74%-на тең. Зейнетақы активтерінің 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілігі – 12,37%. "Halyk Global Markets" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. 01.07.2026ж. жағдай бойынша "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ "Halyk Finance" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 65,58 млрд теңгеболды. Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялардың сипаты мынадай: ҚР ЕДБ облигациялары – 21,51%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 14,17%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 11,59%, ҚР ҚМ МБҚ – 8,10%, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 7,67%, кері РЕПО (90 күнтізбелік күннен көп емес) – 7,32%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 7,02%, МҚҰ – 4,39%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 4,19%, ҚРҰБ ноттары – 1,21%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 64,89%, АҚШ долларында – 35,11% инвестицияланды. Зейнетақы активтерінің 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілігі – 11,69%. "Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ "Halyk Finance" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. 01.07.2026 жылғы жағдай бойынша "Tansar Capital" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 0,32 млрд теңге. Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар төмендегідей: Репо – 37,33%, активтерінің құрылымы MSCI ACWI индексі компоненттерінің құрылымын қайталайтын Exchange Traded Funds пайлары – 32,27%, пайлар (негізгі қор индекстеріне ETF) – 7,32%, Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған акциялар мен депозитарлық қолхаттар – 4,71%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 42,35%, АҚШ долларымен – 57,65% инвестицияланды. "Tansar Capital" АҚ зейнетақы активтерін басқаруды 2026 жылғы 8 сәуірде бастады. Зейнетақы активтерін басқаруды бастағаннан бергі кірістілігі – 1,84% құрады. "Tansar Capital" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. 01.07.2026ж. жағдай бойынша "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 14,14 млрд теңге. ҚР ЕДБ облигацияларына – 22,70%, РЕПО – 16,24%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигацияларына – 13,75%, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына – 13,63%, АҚШ мемлекеттік облигацияларына – 6,95%, шет ел эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына – 4,73%, ҚР ҚМ МБҚ-ға – 4,52%, шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 3,59%, ҚР резиденттері-эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 3,34% инвестицияланды. Ұлттық валютада портфельдің 70,51%-ы, АҚШ долларында 29,49%-ы инвестицияланды. Зейнетақы активтерінің 2025 жылғы шілдеден 2026 жылғы маусымға дейінгі соңғы 12 айдағы кірістілігі – 18,66%. "Сентрас Секьюритиз" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған. Естеріңізге салайық, БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформаны іске қосқанын еске саламыз. Ол ИПБ туралы барлық негізгі ақпаратты бір цифрлық кеңістікте біріктіреді және инвестициялық қызмет туралы деректерді ұсынуға жүйелі тәсілді қамтамасыз етеді.

    Жарияланды: