Астанада Республика күніне орай жаңа Оқушылар сарайы ашылады

    Астанада Республика күніне орай жаңа Оқушылар сарайы ашылады

    Астананың Сарыарқа ауданында 750 орынға арналған жаңа Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан Ақан Сері және С189 көшелерінің қиылысына жақын орналасқан. Орталықты Республика күніне орай ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

    Оқушылар сарайы балаларға қосымша білім беру, спортпен айналысу және шығармашылық тұрғыда дамуына арналған орын болады. Мұнда жалпы дене дайындығы, хореография, үстел теннисі және нейрофитнес бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ шахмат кабинеті мен сауықтыру кешені қарастырылған.

    Бір орталықта біріктірілген түрлі бағыттар оқушыларға әртүрлі қызмет түрлерінде өздерін сынап көруге және қызығушылығы мен қабілетіне қарай үйірмелерді таңдауға мүмкіндік береді. Мұнда дене белсенділігімен қатар, балалардың зияткерлік және шығармашылық дамуына да жағдай жасалады.

    Оқу уақытынан тыс кезеңде мазмұнды демалыс ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар спортпен және шығармашылықпен айналысып, қабілеттерін дамытып, қатарластарымен араласып, жаңа қызығушылықтарын таба алады.

    Оқушылар сарайының ашылуы аудан тұрғындары үшін тұрғылықты жеріне жақын маңда қосымша білім алуға мүмкіндік береді.
    Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Сарыарқа ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын толықтырып, елорданың балалары мен жасөспірімдерінің дамуы мен бос уақытын тиімді өткізуіне қосымша мүмкіндіктер жасайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары