
Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров Министрліктің аумақтық бөлімшелері мен бірқатар кәсіпорындарды аралады.
Экология департаменті
Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің ұжымымен кездесуде қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
«Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ
ҒЗИ қызметкерлерімен кездесуде Министр Каспий теңізінің қазақстандық секторы мен оның жағалау аймағының гидрологиялық, метеорологиялық және экологиялық жағдайларын, сондай-ақ биологиялық ресурстарының жай-күйін зерделеу және бағалау бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулердің дәлдігі мен шынайылығына ерекше назар аударды. Бұл зерттеулер Каспийдің экологиялық жүйесі мен биологиялық алуантүрлілігін сақтау және қалпына келтіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.
Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағы
Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағында Ә. Қуантыров Батыс Қазақстанның шөлді аймағының экстремалды табиғи жағдайларында қалыптастырылған бірегей өсімдіктер коллекциялық қорын сақтау және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстармен, сондай-ақ Қазақстанның Каспий маңының аридті жағдайларында өсімдіктерді жерсіндіру жұмыстарымен танысты.
Кездесуге қатысушылар мен шетелдік қонақтар ботаникалық бақ аумағында Әзербайжанның Қызыл кітабына енгізілген сәндік өсімдік – Ленкоран альбициясының (Albizia julibrissin), немесе жібек акациясының көшеттерін отырғызды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы
Инспекцияда биоалуантүрлілікті сақтау, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және тұрақты мониторинг мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары барысында ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер де көтерілді. Олардың қатарында қаржыландыру, штат санын ұлғайту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және мониторинг жүйесін жетілдіру мәселелері бар.
«Қошқар-Ата» жобасы
Министрге «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының радиациялық қауіпті екі учаскесін рекультивациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар басқармасының басшысы Ә. Балманованың баяндамасына сәйкес, 2025 жылы 640 гектар аумақта биологиялық рекультивациялау (жасыл белдеу құру) жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес 770 000 сексеуіл көшеті отырғызылды.
Жобаны 2025–2027 жылдары іске асыру нәтижесінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының санитариялық-қорғау аймағы толығымен жасыл белдеумен қамтамасыз етіледі.
Өндірістік нысандар
Сондай-ақ Ә. Қуантыров бірқатар өндірістік нысандарды, атап айтқанда «ҚазАзот» АҚ -ны аралады.
Кәсіпорын аммиак пен аммиак селитрасын өндіру саласында қызмет атқарады және тұрақты әрі қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның ішкі нарығын қолжетімді және сапалы азотты тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын өнімі жақын және алыс шетелдерге де экспортталады.
Өндірістік қызметті жүзеге асыру кезінде қолданыстағы экологиялық нормаларды сақтау қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін басым бағыттардың бірі болып табылады.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту
Жұмыс сапары барысында Министр өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған нысандарды да аралады.
«Zero Waste Ақтау» ЖШС – Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды ұйымдасқан түрде жинаумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын. Кәсіпорында 136 адам жұмыс істейді. «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен 800 млн теңге көлемінде қаржыландыру жүзеге асырылып, нәтижесінде қоқыс тасымалдау техникасының паркі барлық экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келетін 25 техникамен жаңартылды.
«Жасыл даму» АҚ-ның кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландыру аясында «Пакетная фабрика» ЖШС жылына 3 мың тонна қағаз қалдықтарын және жылына 3 мың тонна пластикті қайта өңдеу жобаларын іске асыруда. Бұл циркулярлық экономика қағидаттарына сәйкес келеді және өңірдегі ҚТҚ-ны қайта өңдеу көлемін арттыруға ықпал ететін болады.
Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан Ә. Қуантыров қолданыстағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған технологияларды қолдану қажеттігіне назар аударды.






