
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІММЕН ҚАМТУ 99,6 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ
Түркістан облысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту, балаларды балабақшамен қамту және білім беру қызметінің сапасын арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі таңда өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 265-і мемлекеттік, 1 138-і жекеменшік, екеуі арнайы мектеп-балабақша және 36-сы шағын орталық. Бұл ұйымдарда 153 285 бала тәрбиеленуде.
Екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99,6 пайызға жеткен. Бұл – республикалық межеден жоғары нәтиже.
Салада 13 316 педагог еңбек етеді. Олардың 83,5 пайызы жоғары педагогикалық білімді. Сонымен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәрбие жұмысының мазмұнын жетілдіру және мектепке дейінгі ұйымдардағы қызмет сапасын көтеру міндеттері белгіленген.
Бүгінде басты назар балабақшадағы орын санын көбейтумен қатар, әр баланың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталып отыр. Баланың тілдік, әлеуметтік, эмоционалдық және танымдық қабілеттерін дамыту мектепке дайындаудың негізгі өлшемдері ретінде қарастырылуда.
Сонымен бірге ваучерлік қаржыландыру тетігі де кезең-кезеңімен енгізілуде. Пилоттық жоба Түркістан қаласы мен Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал және Сайрам аудандарындағы 829 мектепке дейінгі ұйымда жүзеге асырылуда. Бұл жүйе қаржыландыруды баланың соңынан бағыттап, ата-аналарға балабақша таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.
Ал 2027 жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды лицензиялау енгізіледі. Бұл талап балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық базаны жақсартуға және көрсетілетін қызмет сапасын бақылауға бағытталған.
Мектепке дейінгі тәрбие – баланың болашақ білімінің алғашқы баспалдағы. Сондықтан балабақшаның басты міндеті баланы мектепке формалды түрде дайындау емес, оның бойындағы қабілетті ашып, тұлғалық дамуына негіз қалау.









