
Абай облысында 5 қазаннан 5 қарашаға дейін республикалық «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді анықтап, оларды тиісті қызметтермен бірлесіп шешу. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізу көзделген.
Осы кезеңде полиция қызметкерлері проблемалық тұрғын үйлерді, жалдамалы пәтерлерді, саяжайларды және қараусыз қалған нысандарды аралайды. Бұдан бөлек, шаруа және фермерлік қожалықтары, жайылымдар мен елді мекендерден шалғай орналасқан басқа да аумақтар тексеріледі.
Тексеру барысында көші-қон заңнамасының сақталуы, заңсыз еңбекке тарту фактілері, қару-жарақты заңсыз сақтау және басқа да құқық бұзушылықтардың жолы кесіледі.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары өз әкімшілік учаскелерінде тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін жинауға арналған QR-кодтар орналастырды. Азаматтар осы арқылы өз аумағындағы қауіпсіздікке қатысты мәселелер мен ұсыныстарын жеткізе алады.









