Маңғыстаулық ұстаздар кәсіби мерекеде марапатталды

    Маңғыстаулық ұстаздар кәсіби мерекеде марапатталды

    Бүгін, 5 қазан - Ұстаздар күніне орай Ақтау қаласында салтанатты іс-шара өтіп, білім саласының үздік мамандарына мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, 700-ден астам педагог, білім саласының ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты.

    Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.

    -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру мен ұстаз мәртебесін нығайтуға айрықша мән береді. Бүгінгі таңда өңірімізде білім саласын дамыту, ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және заманауи мектептер салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді. Біз әрқашан сіздердің кәсіби өсулеріңізге, жаңашыл бастамаларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз.«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, өскелең ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ерен еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Мемлекетіміздің болашағы, еліміздің ертеңгі тізгіні бүгін сіздер білім беріп, тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың қолында. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы табанды еңбектеріңіз бен төзімдеріңіз ерекше мақтауға тұрарлық. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деді Ербол Ізбергенов.



    Салтанатты іс-шара барысында білім беру саласының бірқатар үздік маманы мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, педагогтерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» ордені, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері табысталды.

    Сондай-ақ білім беру саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген 12 педагогқа облыс әкімінің «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталып, біржолғы ақшалай сыйақы берілді.

    Бұдан бөлек, іс-шара аясында Білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының жолдамалары тапсырылды.

    Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Іс-шара барысында ұстаздардың еңбегі ұлықталып, білім саласының ардагерлері мен үздік педагогтерге құрмет көрсетілді.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары