Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

    Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыста су қоймаларын салу, гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді реконструкциялау жұмыстарының барысы және суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, өңірде жыл соңына дейін өткізілетін іс-шаралар мен мерейтойлық күндерді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

    Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, «Қазсушар» РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Жарқынбек Байсабыров, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

    Облыста су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 6 жаңа су қоймасын салу, 1 су қоймасының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, 7 су торабын, 29 магистральдық каналды және 6 коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жоспарланған.
    Аталған жобалардың бірқатары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмысы жүргізілуде.

    Жаңа су қоймаларын салу суармалы жерлердің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ақсуат ауданындағы Қарғыба және Үржар ауданындағы Қарақол су қоймаларының есебінен тиісінше 5 132 және 6 558 гектар суармалы жерді қосымша игеру жоспарланған. Қалған бес су қоймасының іске қосылуы нәтижесінде 22 мың гектарға дейін суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу көзделіп отыр.

    Суармалы жерлерді тиімді пайдалану бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы иесіз қалған 21 шаруашылықішілік канал коммуналдық меншікке қабылданды. Бұдан бөлек Ертіс өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану есебінен 2030 жылға дейін суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен 70 мың гектарға дейін жеткізу міндеті қойылған. Бұл бағытта Бесқарағай және Жаңасемей аудандарындағы суармалы алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына кеңінен енгізу, инвестиция тарту, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

    Жалпы, қолға алынған жобалар облыстың су шаруашылығы жүйесінің мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға жаңа серпін береді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 55 мың гектар жаңа суармалы жер енгізіліп, 223,7 млн текше метр су жинақталады, 374,5 шақырым магистральдық канал жөнделеді деп күтілуде. Сонымен қатар 1 гектардан алынатын өнімділікті 16 центнерден 27 центнерге дейін арттыру көзделген. Ал Ертіс өзенінің гидропотенциалын тиімді пайдалану арқылы облыстағы суармалы жер көлемін қосымша 70 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Нәтижесінде суармалы жерлердің жалпы көлемі 238,4 мың гектарға дейін жеткізіледі.

    «Қазсушар» РМК «Абай» филиалының теңгерімінде 64 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 503,5 шақырымды құрайтын 41 магистралдық канал жұмыс істейді. 2025 жылы 70 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілсе, 2026 жылы жалпы ұзындығы 142 шақырым болатын 20 магистралдық каналда тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 110 шақырымы тазаланды.

    Аймақ басшысы жиында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және жаңа алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ, су қоймалары, су тораптары мен магистралдық каналдарды жаңғырту жобаларын уақтылы іске асыру, инвестиция тарту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

    «Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суармалы егіншілікті дамыту міндеттеріне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Үкіметтің Қазақстан Республикасының 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Абай облысында 6 жаңа су қоймасын салу, Қаракөл су қоймасының құрылысын аяқтау, 7 су торабын және 29 магистралдық каналды жаңғырту көзделген. Жоспарланған жобаларды іске асыру нәтижесінде су ресурстарын жинақтау мүмкіндігі артып, жаңа суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деді Берік Уәли.

    Облыста жыл соңына дейін ұлттық мәдениетті дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және өнерді дамыту бағытында бірқатар іс-шара өтеді. Олардың қатарында жазушы Тұрсын Жұртбай мен дәстүрлі әнші Тұрсынғазы Рахимовтың 75, этнограф Молдабек Жанболатұлының 90, жазушы Роллан Сейсенбаевтың 80 жылдық мерейтойларына арналған шаралар, «Ұлылар елі» республикалық ән байқауы және Республика күніне, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына, Жаңа жылға арналған іс-шаралар бар.

    «Жыл соңына дейін өңірімізде бірқатар маңызды мәдени және мерекелік іс-шаралар өтеді. Оларды сапалы ұйымдастыру, жоғары деңгейде өткізу – баршамызға ортақ міндет. Іс-шаралардың мазмұнына ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне, санитариялық жағдайға және қоғамдық тәртіпке үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді облыс әкімі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" жаңалықтары