Талдықорғанда Қала күні кең көлемде аталып өтті

    Талдықорғанда Қала күні кең көлемде аталып өтті

    Жер жаннаты Жетісудың бас шаһары – Талдықорғанда Қала күні кең көлемде аталып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарын ортақ мерекеге біріктірген айтулы күн «Жастар» саябағында ұйымдастырылған ауқымды мәдени-көпшілік шаралармен есте қалды.

    Мерекелік бағдарлама күндізден басталып, саябақ аумағында балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, батуттар мен анимациялық бағдарламалар ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері мен крафт өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, фуд-корт жұмыс істеді. Сахна төрінде Оқушылар сарайы мен «Бриллиант» шығармашылық мектебінің жас өнерпаздары, Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония әртістері және «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблі өнер көрсетті.

    Қала күні аясында шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға да құрмет көрсетілді. Қала әкімі Ернат Бәзіл талдықорғандықтарды мерекемен құттықтап, еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтарды марапаттады. 10 азаматқа «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілсе, тағы 5 азамат «Талдықорған қаласына сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сонымен қатар «2026 жылдың үздіктері» анықталып, түрлі салада жоғары нәтижеге қол жеткізген 17 азамат марапатталды.

    Мереке аясында қала тұрғындарына заманауи әрі экологиялық таза көлік қызметінің жаңа бағыты да таныстырылды. Region компаниясының 8 электромобилі қала көшелеріне шығып, электротакси қызметінің мүмкіндіктерін көрсетті. Компанияның жалпы автопаркі 15 электромобильден тұрады.

    Қала күнінің мерекелік бағдарламасы кешкі концертпен жалғасты. «Жастар» саябағына 60 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Сахнада жергілікті өнерпаздармен бірге қазақ эстрадасының танымал әншілері Ғазизхан Шекербеков, Әли Оқапов және Индира Елемес өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

    Мерекелік кештің шарықтау шегі қала аспанын жарқырата түскен отшашуға ұласып, бағдарламаны DJ ALI-дің өнер көрсетуі қорытындылады.

    Қала күні – тек мерекелік шаралармен шектелмей, Талдықорғанның бүгінгі тыныс-тіршілігін, дамуы мен жетістіктерін айшықтаған, туған қаласына жанашыр тұрғындарды ортақ қуанышқа біріктірген мерекеге айналды. Шаттыққа толы бұл күн талдықорғандықтардың туған қаласына деген ыстық ықыласы мен мақтаныш сезімін тағы бір мәрте танытты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары