Маңғыстауда Каспийді сақтауға бағытталған жаңа жоба таныстырылды

    Маңғыстауда Каспийді сақтауға бағытталған жаңа жоба таныстырылды

    Бүгін Маңғыстау облысында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы мен оны сақтауға бағытталған халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланған жоғары деңгейдегі диалог өтті.

    Іс-шара барысында БҰҰ Даму бағдарламасы Жапония Үкіметінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайындағы тұрақтылықты арттыру» жобасы таныстырылды.

    Кездесуде Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі, теңіз суының ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы негізгі мәселелер ретінде қаралды. Бұл үдерістер жағалау аумақтарына, инфрақұрылымға, өңір экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

    Жоба аясында Каспийдің су теңгерімі мен теңіз деңгейінің өзгеруін зерттеу, биоалуантүрлілік пен теңіз ортасының жағдайын бағалау, сондай-ақ жағалау аумақтарының тұрақтылығын зерделеу көзделген. Сонымен қатар экологиялық бастамаларды қолдауға бағытталған гранттық тетік қарастырылған.

    Жиында ғылыми деректер мен цифрлық технологияларды қолдану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Каспий теңізіне қатысты деректерді әкімнің цифрлық кабинеті арқылы аумақтық жоспарлау жүйесіне ықпалдастыру мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл өңірді дамыту және инвестициялық жобаларды жоспарлау кезінде экологиялық тәуекелдерді ескеруге мүмкіндік береді.

    Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Каспийді сақтау мемлекет, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғамның бірлескен іс-қимылын қажет ететінін атап өтті.

    «Каспий теңізі — Маңғыстаудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуының маңызды бөлігі. Оның жағдайы тұрғындардың тұрмысы мен өңірдің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгінгі диалогтың басты нәтижесі Каспийдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты практикалық қадамдар болуы тиіс», — деді Ербол Ізбергенов.



    Іс-шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Избергенов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері, экологтар, еріктілер және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

    Жұмыс сараптамалық сессиялар аясында жалғасып, онда жобаны іске асырудың нақты тетіктері, экологиялық бастамаларды қолдау және Каспий теңізінің экожүйесін сақтау бойынша алдағы бірлескен қадамдар талқыланады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары