
Елімізде үш жыл ішінде 19,1 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді
Кейінгі үш жылда еліміздің көлік-логистика жүйесі сапалы жаңа даму деңгейіне көтеріліп, өңірлердің өзара байланысын нығайтуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және халықтың мобильділігін жақсартуға берік негіз қалыптасты. Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген өңірлік көлік байланысын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында автомобиль, теміржол, авиация және теңіз инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ логистикалық бағыттарды дамытуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Ауқымды инвестициялар, негізгі инфрақұрылымдық алшақтықтарды жою және озық цифрлық шешімдер енгізу жол жүру уақытын қысқартуға, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ негізгі халықаралық дәліздердегі жүк ағынын жеделдетуге мүмкіндік берді.
Автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамытуда жол желісін кеңейтуге, негізгі бағыттардың өткізу қабілетін арттыруға және облыс орталықтары, аудандар мен шалғай елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға басымдық берілді. 2023-2025 жылдары 19,1 мың шақырым жол салынды, реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, жөнделді. Атап айтқанда:
2023 жылы – 5656 шақырым;
2024 жылы – 7306 шақырым;
2025 жылы – 6178 шақырым.









