Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог

    Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог

    Бүгін Ақтау қаласында мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, БҰҰ жүйесі ұйымдарының, халықаралық серіктестердің, ғылыми қоғамдастық пен сарапшылардың өкілдерін біріктірген Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог өтуде.

    Кездесудің негізгі тақырыбы – Каспийдің экологиялық сын-қатерлерін талқылаудан нақты бірлескен шешімдер мен жобаларға көшу. Басты назар теңіз деңгейінің төмендеуіне, биоалуантүрлілікті сақтауға, ластану мен теңіз қоқыстарына, циркулярлық экономиканы дамытуға, мониторингті жетілдіруге, деректер алмасуға және халықаралық қаржыландыруды тартуға аударылды.

    Диалог жұмысына Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров қатысты.

    Іс-шара мемлекеттік органдардың, Құрылтай депутаттарының, дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктірді. Қатысушылардың қатарында Ұлттық экономика, Су ресурстары және ирригация вице-министрлері, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджима, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

    Пікірталасты аша отырып, Министр Каспийде болып жатқан өзгерістер жекелеген шараларды емес, ғылыми деректерге, заманауи технологияларға және практикалық халықаралық әріптестікке негізделген үйлестірілген өңірлік тәсілді талап ететінін атап өтті.

    Каспий теңізін сақтау – Қазақстанның экологиялық басымдықтарының бірі.

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий мәселелеріне ұдайы ерекше назар аударып, оны халықаралық деңгейде көтеріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша болып жатқан үдерістерді кешенді ғылыми зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды.

    Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

    Сондай-ақ Каспийдің бірегей биоалуантүрлілігін, оның ішінде Каспий итбалығы мен оның мекендеу орындарын сақтауға ерекше назар аударылуда. Қазақстанда бұл жұмысты, атап айтқанда, «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты жүзеге асырады.

    Нақты экологиялық жобалар портфелін кеңейту және оларды іске асыруға халықаралық ұйымдарды, қаржы институттарын, донорлар мен ғылыми қоғамдастықты тарту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

    Бүгінгі бағдарламаның маңызды бөлігі Жапония Үкіметі қаржыландыратын «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында орнықтылықты арттыру» жобасының іске қосылуы болды. Жоба Қазақстанның теңіз деңгейінің төмендеу салдарына төзімділігін арттыруға бағытталған және шешімдер қабылдау кезінде ғылыми деректер мен цифрлық құралдарды пайдалануды көздейді.

    Қазіргі уақытта БҰҰДБ және Каспий мәселелері жөніндегі халықаралық серіктестермен бірлесіп өзара толықтыратын бастамалар кешені қалыптастырылуда. Оған Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен теңіз және жағалау ресурстарын кешенді басқару, циркулярлық экономиканы және қалдықтарды басқару жүйесін дамыту, сондай-ақ теңіз қоқыстары мен пластикалық ластануды азайту жөніндегі жобалар кіреді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары