Киберқауіпсіздіктен қылмыскерлерді экстрадициялауға дейін: Қазақстанның делегациясы БҰҰ-ның Абу-Дабиде өткен 15-ші Конгресіне қатысу қорытындыларын шығарды

    Киберқауіпсіздіктен қылмыскерлерді экстрадициялауға дейін: Қазақстанның делегациясы БҰҰ-ның Абу-Дабиде өткен 15-ші Конгресіне қатысу қорытындыларын шығарды

    Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали бастаған, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабектің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасының делегациясы Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ-ның 15-ші Конгресіне қатысуын аяқтады.

    Жаһандық форумға әлемнің 120-ға жуық мемлекетінің өкілдері, 200-ден астам халықаралық ұйым, сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ жетекші технологиялық компаниялар қатысты. Қатысушылар озық тәжірибелерімен алмасып, заң үстемдігін нығайту және қазіргі заманғы криминогендік сын-қатерлерден қорғану бойынша стратегиялық шараларды талқылады.Конгресс аясында 200-ден астам бір бағыттағы тақырыптық іс-шаралар мен цифрлық шешімдердің таныстырылымы ұйымдастырылды.

    Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің «Заң мен Тәртіп» негізгі қағидатына негізделген кешенді тәсілі таныстырылды. Заманауи қауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының қызметі ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі орнықты қоғамдық ортаны қалыптастыру. Осыған байланысты Қазақстан қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын орнықтыруға, волонтерлікті дамытуға және жауапты патриотизмді тәрбиелеуге басымдық береді.

    Қазақстандық делегация трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмысына, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ қарқынды цифрландыру жағдайында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған талқылауларға белсенді қатысты.

    Өңір үшін маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан, Өзбекстан, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және Орталық Азияның өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың цифрлық трансформациясы: жасанды интеллект және ерте ескерту жүйелері» тақырыбындағы қосалқы іс-шара болды.

    Қазақстандық сарапшылар әріптестеріне инновациялық тәсілдер мен технологияларды қолдану тәжірибесін таныстырды. Бұл ретте тәуекелдерді алдын ала болжау, цифрлық талдау жүргізу және жаңа қауіп-қатерлерге жедел мониторинг жасауға басымдық берудің маңыздылығы атап өтілді.

    Конгресстің негізгі күн тәртібі аясында Қазақстан құқық үстемдігі мен қылмыстық сот төрелігінің халықаралық стандарттарына бейілділігін растады. Қазақстан 60-тан астам мемлекетпен қатар Pledge4Justice жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастаманың шеңберінде Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали киберқылмыс пен адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша еліміздің нақты міндеттемелерін жариялады.

    Конгресстің басты саяси нәтижесі Абу-Даби декларациясының қабылдануы болды. Стратегиялық құжат алдағы бес жылға қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық қоғамдастықтың негізгі басымдықтарын және заңдылықты нығайту жөніндегі бағыттарды айқындады.

    Форум аясында Қазақстан делегациясы бірқатар маңызды екіжақты кездесулер өткізді. БАӘ-нің Әділет министрі Абдулла Сұлтан бин Ауад әл-Нуаймимен өткен келіссөздер барысында қылмыстық-құқықтық ынтымақтастықты нығайту мәселелері және Қылмыскерлерді ұстап беру туралы шартқа қосымша хаттама жасасу перспективалары талқыланды.

    БАӘ-нің Бас Прокуроры Хамад Сайф әл-Шамсимен, сондай-ақ Дубай прокуратурасы мен полициясы басшылығымен өткен кездесулердің маңызды практикалық нәтижесі – ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген үш Қазақстан азаматын жақын арада Қазақстанға экстрадициялау туралы уағдаластыққа қол жеткізу болды.

    Бас прокуратураның баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы" жаңалықтары