
Елордада полиция қызметін цифрландыру және азаматтармен өзара байланысты жаңа форматқа көшіру бағытындағы жұмыс жалғасуда.
Азаматтардың өтініштерін жедел қабылдап, мәселелерін уақытылы шешу мақсатында омниканалды қабылдау жүйесі тиімді қолданылуда. Бұл жүйе тұрғындардың өтініштерін түрлі байланыс арналары арқылы қабылдап, оларды тиісті қызметтерге жедел бағыттауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері омниканалды қабылдау жүйесі арқылы 40 мыңнан астам өтініш қабылданған.
Мәселен, қала тұрғыны Мәңгілік Ел көшесінде автокөліктердің белгіленбеген жерге қойылғаны туралы хабарлаған. Оның айтуынша, дұрыс қойылмаған көліктер қоқыс шығаратын арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтірген.
Өтініш жедел қаралып, полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 601-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Омниканалды жүйе – азамат пен полиция арасындағы байланысты жеделдетуге бағытталған цифрлық құралдардың бірі. Оның көмегімен тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмай, әрбір хабарлама бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Цифрлық технологияларды пайдалану – полиция қызметінің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.









