
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде өнеркәсіп әлеуетін арттыру, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен аптада жаңа кәсіпорындар, көлік тораптары мен энергетика нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Өнеркәсіп
Алматы облысының Боралдай ауылында алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа кәсіпорын ашылды. Жалпы құны $344 млн болатын жоба аясында жергілікті 230 тұрғын жұмыспен қамтылды. Кәсіпорында қажетті шикізат жергілікті өндірушілерден алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жеткізу жоспарланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт жұмысын бастады. 37 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған өндірістік кешенде Еуропа елдерінен әкелінген заманауи жабдықтар орнатылған. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Екінші желі іске қосылған соң 378 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Вокзал инфрақұрылымын жаңғырту
Көкшетауда жаңартылған теміржол вокзалы ашылды. Ғимаратта лифтілер мен эскалаторлар орнатылып, кедергісіз орта қалыптастырылды. Жалпы аумағы 0,75 гектарды құрайтын вокзал маңы аумағы да абаттандырылды. Вокзал 1981 жылы салынған, соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.
Жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында орындалды. Бағдарлама аясында өңірдегі 16 нысанның барлығы заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Энергетика
Қарағанды облысындағы 500 кВ «Нұра» қосалқы стансасында екінші автотрансформатор пайдалануға берілді. Жоба өңірдегі электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, қосымша қуат резервін қалыптастыруға, сондай-ақ «Сарыарқа» АЭА кәсіпорындарын қажетті көлемде электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік инфрақұрылым
Исатай ауданының Томан ауылында 80 орынға арналған алғашқы балабақша пайдалануға берілуде. Нысанның құрылысы толық аяқталды. Ғимарат биылғы қараша айында ашылады деп жоспарланып отыр.









