СҚО полицейлері абаттандыру ережелерін бұзған 12,5 мыңнан астам деректі анықтады

    СҚО полицейлері абаттандыру ережелерін бұзған 12,5 мыңнан астам деректі анықтады

    Солтүстік Қазақстан полицейлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша күн сайын рейдтер жүргізіп келеді. Петропавлдағы айналма жол маңынан құрылыс қалдықтарының үйіндісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция араласқаннан кейін 53 жастағы қала тұрғыны құқық бұзушылық жасағанын мойындап, қалдықтарды арнайы белгіленген полигонға шығарды.

    29 қыркүйекте қаланың шетіндегі Жұмысшы кентінде полицейлер абаттандыру ережелерін бұзу дерегін анықтады. 53 жастағы Сергей Классин айналма жол маңындағы учаскеге ірі көлемді құрылыс қалдықтарын жинаған. Ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

    2026 жылдың басынан бері СҚО полицейлері абаттандыру ережелерін бұзудың 12 500-ден астам дерегін анықтады. 478 адам айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 11 975 дерек бойынша ескерту қолданылды.

    «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы полиция жұмысы әкімшілік материалдар толтырумен шектелмейді. Рейдтер барысында қызметкерлер тұрғындармен, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, заң талаптары мен аумақтарды күтіп-ұстау тәртібін түсіндіреді, ақпараттық жадынамалар таратады.

    Полиция тұрғындарды стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге шақырады. Қалдықтарды заңсыз жинау, аумақтарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар туралы 102 нөміріне хабарлауға болады. «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыс күн сайын жалғасуда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары