Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Дүниежүзілік туризм күніне және 1-курс студенттерін университет қабырғасында қарсы алуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев қатысып, университет ұжымын және білім алушыларды мерекемен құттықтады.
«Бүгінде туризм – еліміздің экономикасы мен халықаралық имиджін қалыптастыратын маңызды салалардың бірі. Осы бағытта Халықаралық туризм және меймандостық университетінің орны ерекше. Бұл – туризм саласына халықаралық деңгейде білікті мамандар даярлайтын еліміздегі алғашқы бейінді жоғары оқу орны», – деді вице-министр.
Мирас Төлебаев университеттің білім беру бағытындағы жетістіктеріне де тоқталды. Алғашқы түлектердің 95 пайызының тұрақты жұмыспен қамтылуы оқу орнында даярланатын мамандардың еңбек нарығындағы жоғары сұранысын көрсетеді.
Сонымен қатар университет студенттеріне теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе жинақтауға кең мүмкіндік берілуде. Білім алушылар Қазақстанмен қатар Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жетекші қонақ үйлерде халықаралық тағылымдамадан өтіп, әлемдік стандарттарды тәжірибе жүзінде меңгеруде.
Салтанатты іс-шара барысында университет студенттері арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге шығармашылық өнерлерін паш етті. Музыкалық және сахналық қойылымдардан құралған концерттік бағдарлама мерекелік кештің мазмұнын толықтырды.





