2026 жылғы 8–10 қазан аралығында Шығыс Қазақстан облысында құсбегіліктен I Азия кубогі – «Шығыс Салбұрыны – 2026» халықаралық турнирі өтеді.
Ауқымды спорттық-мәдени іс-шара Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылдық округінің аумағында, «Бүркіт төбе» алаңында ұйымдастырылады.
Турнир көшпелі өркениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық дәстүрлерін жаңғыртуға, сақтауға және кеңінен насихаттауға, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған.
Халықаралық додаға Қазақстан, Мажарстан, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан кәсіби бүркітшілер мен сұңқаршылар қатысады. Қатысушылар жыртқыш құстарды баптау, басқару және аңшылыққа салу шеберліктерін көрсетіп, өз елдерінің саятшылық дәстүрлерін таныстырады.
8 қазан – ұйымдастыру күні. Бұл күні этноауыл абаттандырылып, киіз үйлер тігіледі. Қатысушыларды қарсы алу және тіркеу, мандаттық комиссия отырысы мен жеребе тарту рәсімі өтеді.
9 қазан күні сағат 10:00-де турнирдің салтанатты ашылуы өтеді. Бағдарламада іріктеу және жартылай финалдық жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылардың жабдықтары тексеріліп, бүркітті 700 метр қашықтықтан қолға шақыру, тұлыпқа (шыраға) құс салу, сондай-ақ сұңқарлар мен қаршығалар арасындағы сайыстар өткізіледі.
10 қазан – жарыстың негізгі күні. Сағат 10:30-дан бастап финалдық жарыстар өтеді. Бағдарлама аясында еркін аңшылық ұйымдастырылып, бүркіттер түлкіге, ал қаршығалар мен сұңқарлар қоян мен көгершінге салынады.
Құсбегілік бойынша жарыстардан бөлек, қонақтар мен қатысушылар үшін Ұлы даланың дәстүрлі спорт түрлерінен арнайы бағдарлама ұйымдастырылады. Оның ішінде садақ атудан жарыс, арқан тарту және ұлттық тұқымды тазы иттерінің жарысы бар.
Көрсетілім бағдарламасы аясында асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және «Толағай» ұлттық сайыстары ұсынылады.
Турнирдің жабылу салтанаты мен I Азия кубогінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 10 қазан күні сағат 16:30-да өтеді.
«Шығыс Салбұрыны – 2026» Қазақстанның бай мәдени мұрасын, қазақтың саятшылық дәстүрін және Шығыс Қазақстан өңірінің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытатын маңызды спорттық-мәдени алаңға айналады.
Ұйымдастырушылар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін турнирді ақпараттық сүйемелдеуге шақырады.
Өтетін орны: Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылдық округі, «Бүркіт төбе» жері.
Өтетін күндері: 2026 жылғы 8–10 қазан.






