
Соңғы бір аптада Солтүстік Қазақстан облысында аза тұту күніндегі талаптарды елемеу, рұқсатсыз граффити салу, көші-қон заңнамасы мен абаттандыру ережелерін бұзу сияқты бірқатар резонанс тудырған құқық бұзушылықтар анықталды.
Осы кезеңде облыс орталығының өзінде балағат сөздер айту, адамдарға тіл тигізіп тиісу және қоғамдық тәртіпке қатысты басқа да құқық бұзушылықтар үшін полицейлер 25 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Оларға айыппұл салу, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау және 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты шаралар қолданылды.
Бұдан бөлек, жеті күн ішінде патрульдеу барысында қоғамдық орындарды ластауға қатысты 18 фактінің жолы кесілді. Құқық бұзушыларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды немесе қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Тәртіп сақшылары бұл шаралардың барлығы тұрғындардың тыныштығын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында қабылданатынын атап өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.









