
Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру мен оқыту (ТКББ) саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Федеративтік Германия Республикасына жасаған ресми сапары шеңберінде екі елдің жауапты министрлері кездесу өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық ниеттері туралы Бірлескен декларацияға қол қойды.
Кездесу барысында Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Германияның Білім, отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі федералдық министрі Карин Прин екіжақты қарым-қатынастардың болашағын, соның ішінде дуальды оқыту жүйесін жетілдіру, кадрларды даярлау және техникалық мамандықтар бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Бұл келісім қос мемлекет арасындағы білім саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, жастардың заманауи техникалық мамандықтарды халықаралық стандарттарға сай меңгеруіне жол ашады.









