
1 қазанда Алматы қаласында мүгедектігі бар қатысушылар мен шахмат әуесқойларын біріктірген Infinity Chess Cup Almaty 2026 инклюзивті шахмат турнирі өтті.
Шахмат тақтасында есту және көру қабілеті бұзылған, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған қатысушылар бақ сынады. Жарыс FIDE рейтингін есепке ала отырып, швейцариялық жүйе бойынша жеті турдан өткізілді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрады.
Infinity Chess Cup қатысушыларға өз қабілеттерін, спорттық шеберліктері мен дамуға деген ұмтылыстарын көрсетуге мүмкіндік берген алаңға айналды. Сонымен қатар турнир мүгедектігі бар адамдардың өзара қарым-қатынас жасауына, әлеуметтенуіне және қаланың қоғамдық әрі спорттық өміріне белсенді қатысуына қосымша мүмкіндіктер берді.
Мұндай бастамалардың маңыздылығы – әрбір адамның өз әлеуетін ашуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін қолжетімді әрі инклюзивті ортаны қалыптастыруда.
Іс-шара Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) және Funduk Life қорының ынтымақтастығы аясында өтті.
Infinity Chess Cup Almaty 2026 турнирінің өткізілуі инклюзивті бастамаларды дамытуға, шахматты насихаттауға және мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмыстың жалғасы болды.
Осындай жобалар тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығайтуға, инклюзивті спортты дамытуға және адамның белсенділігі, таланты мен ұмтылысы денсаулық ерекшеліктерімен шектелмейтін қоғамды қалыптастыруға ықпал етеді.









