
1 қазан – Халықаралық қарттар күні – ұрпақ сабақтастығын ұлықтап, өмір жолы өнегеге толы аға буынға құрмет көрсететін ерекше күн. Осы айтулы мерекеге орай Темір ауылдық мәдениет үйінде ауылдың ардақты ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарына арналған іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Төрехан Амантай Төреханұлы, аудандық мәслихат депутаты Амзеев Ардақ Нажмидинұлы және Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы қатысып, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді мерекелерімен құттықтады.
Жиын барысында қарияларға жүрекжарды ізгі тілектер арналып, олардың ел мен жердің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, өмірлік тәжірибесі мен кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелік тағылымы атап өтілді. Мерекелік әндер шырқалып, үлкендерге көтеріңкі көңіл күй сыйланды.
Қазақтың дәстүрі мен үлкенге деген құрметін айшықтаған ерекше сәттердің бірі – қарияларға құрмет көрсету рәсімі болды. Ауылдың ақсақалдарына қазақы дәстүрмен шапан жабылып, ақ жаулықты әжелерге орамал тарту етіліп, гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында ауыл қариялары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Ақсақалдардың батасы мен ақ жаулықты әжелердің ізгі тілегі мерекелік кездесудің мәнін одан әрі арттыра түсті.
Сонымен қатар мерекелік шараға денсаулығына немесе басқа да себептерге байланысты келе алмаған қарттарымыз да назардан тыс қалған жоқ.
Аудандық мәслихат депутаты Амзеев Ардақ Нажмидинұлы мен Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы ауылдағы бірқатар қарттардың шаңырағына арнайы барып, оларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Ізгі тілектерін жеткізіп, мерекелік сыйлықтарын табыс етті.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Өйткені елдің кешегісін біліп, бүгінін бағамдап, ертеңіне бағыт сілтейтін аға буынның орны әрдайым бөлек.
Қарттарымыздың ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа өнеге, ақылы – бағыт, батасы – рухани тірек.
Ардақты қарияларымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілейміз! Ұрпақтарының қызығын көріп, елдің сый-құрметіне бөленіп, ақ баталарыңызды беріп, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер!









