
Жылыту маусымы қарсаңында мұржаларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауларыңызды сұраймыз.
Жеке тұрғын үйлерде өрттің шығуын және улы газдан (иіс газынан) улануды болдырмау үшін пешпен жылыту жүйесінің ақаусыз күйде болуын қадағалау қажет. Жыл сайын суық ауа райы басталғанға дейін және жылыту маусымы кезінде айына бір рет мұржалардың және жылыту жүйесінің барлық басқа элементтерінің жай-күйін тексеріп отыру маңызды. Мұржаны күйеден жүйелі түрде тазарту – оны күтіп ұстаудың негізгі талаптарының бірі екенін есте сақтау қажет.
Мұржаны тексеру
Бұл жұмысты күндізгі уақытта жүргізген жөн. Пешті жаққаннан кейін шатыр астындағы мұржаларды тексеру қажет. Егер мұржада саңылаулар болса, олардан түтін шығуы мүмкін. Анықталған жарықтар мен сызаттарды дереу жою қажет.
Пешпен жылыту жүйесіндегі мұржаны үнемі әктеп отыру керек. Бұл пайда болған саңылауларды уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Әктелген ақ бетте шайыр мен күйеден пайда болған қара дақтар анық көрінеді.
Пешпен жылыту жүйесін пайдалану
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында төмендегі ережелерді орындау маңызды:
* Жағылған пешті үнемі бақылауда ұстау және оны қарауды кішкентай балаларға ешқашан тапсырмау;
* Жанғыш және тез тұтанатын заттар мен материалдарды пеш алдындағы металл төсемнің үстіне қоюға тыйым салынады;
* Пешті тұтату үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбау;
* Пешті тек оған арналған тиісті отын түрлерімен жағу.
Мүлкіңізді, өзіңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыз!









