
Қарттар күніне орай облыс әкімі Асхат Шахаров еңбек ардагерлерінің шаңырағына сәлем бере барып, мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
Белгілі журналист, өлкетанушы әрі зерттеуші Идош Асқар Мұсақұлұлы Ойыл ауданының Ш.Берсиев ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ды тәмамдаған. «Алға», «Ойыл» аудандық газеттерінде, Ақтөбе облыстық телеарнасында, Ойыл аудандық партия комитетінде қызмет атқарған. «Ақтөбе» облыстық газетінде тілші қызметінен бастап, редакторлыққа дейінгі жолды жүріп өтті.
Ол – «Ақтөбе» энциклопедиясын жарыққа шығаруға атсалысқан азаматтардың бірі. Мақалалары туған өлкенің тарихы мен тыныс-тіршілігі, табиғатты қорғау, ауыл шаруашылығы, адамгершілік пен рухани құндылықтар мәселелеріне арналған. Әсіресе, аты аңызға айналған тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолын зерттеуге айырықша мән берген.
Кездесуде Асхат Шахаров ардагердің естеліктерін қызығушылықпен тыңдап, оның журналистикадағы көпжылғы еңбегі, Ақтөбе облысының тарихы және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар туралы әңгімелесті.
«Идош Мұсақұлұлы, Сіз ғұмырыңызды сөз өнері мен журналистикаға, туған өлкенің дамуына арнадыңыз. Сіздің көпжылғы еңбегіңіз – облысымыздың тарихының ажырамас бөлігі. Сіз секілді азаматтардың арқасында көрнекті жерлестеріміздің өнегелі өмірі, ауылдарымыздың тарихы мен халқымыздың салт-дәстүрі сақталып келеді. Сізге зор денсаулық, жан тыныштығын, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрдайым жаныңыздан туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыз табылып, мол өмірлік және кәсіби тәжірибеңіз жас ұрпаққа үлгі бола берсін», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы 91 жастағы Надежда Николаевна Соколованы да құттықтады.
Әжей «Әуежөндеу» АҚ зауытында қырық жылдан астам уақыт өндірістік бақылау маманы болып еңбек етті, зейнет демалысына шыққан. Еңбек майданының қатысушысы.
«Надежда Николаевна, бүгін біз Сізге жай ғана мерекемен құттықтайық деп емес, ең алдымен ерен еңбегіңіз бен еліміздің дамуына қосқан үлесіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіру үшін келдік. Сіз және Сіздің замандастарыңыз күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, ерен еңбектеріңізбен Жеңісті жақындаттыңыздар, сондай-ақ туған өлкенің өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Сізге шын жүректен зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тілеймін!» – деді Асхат Шахаров.
Кездесулерде аймақ басшысы аға буынға қамқорлық жасау өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруға, «Адал азамат» құндылығын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл құндылықтарды дәріптеуде аға буынның орны айырықша. Себебі үлкенді құрметтеу, еңбекке адал болу, елге қызмет ету, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсету – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарымен сабақтасып жатқан ұстанымдар. Біздің ардагерлеріміз бен аға буын өкілдері – тарих, даналық пен рухани құндылықтарымыздың сақтаушылары. Сондықтан олардың еңбегін әрдайым есте сақтап, өмір жолын құрметтеп, қамқорлық көрсету – біздің парызымыз. Біз жасай алатын ең маңызды дүние – оларға риясыз алғысымызды білдіру, құрметімізді көрсету және барында бағалай білу», – деді Асхат Шахаров.









