23-27 қараша күндері елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысы өтеді.
Халықаралық деңгейдегі маңызды жиында әлемдік антидопинг қауымдастығының өкілдері бас қосып, таза спортты дамыту, допингке қарсы күресті күшейту және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылайды.
Биыл наурыз айында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат білім беру, допингтің алдын алу және ғылыми зерттеулер бағыттарындағы бірлескен жұмысты кеңейтуге бағытталған.
Қазақстан мен WADA арасында допингке қарсы күрес және таза спорт қағидаттарын дамыту бағытында тұрақты ынтымақтастық қалыптасқан. Бұған дейін WADA президенті Витольд Банька да қазақстандық әріптестерімен өзара байланысты жоғары бағалап, Агенттіктің маңызды халықаралық жиынын Астанада өткізу туралы шешім осы ынтымақтастықтың нәтижесі екенін атап өткен болатын.
«Қазақстандық әріптестерімізбен байланысымыз жақсы. Келесі жылы Қазақстанда жеті әлем чемпионаты өтеді. Сондықтан халықаралық ұйымдардың маңызды отырыстарын Астанада өткізуі орынды», – деді WADA президенті Витольд Банька.
WADA – спорттағы допингке қарсы саясатты халықаралық деңгейде үйлестіретін негізгі ұйымдардың бірі. Агенттік допингке қарсы бірыңғай талаптар мен стандарттарды қалыптастыру, олардың орындалуын бақылау және спорттағы адалдық қағидаттарын нығайту бағытында жұмыс жүргізеді.






