Семейде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

    Семейде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

    Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы көше, аулаішілік жолдарды жөндеу, тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысын көрді.

    Аймақ басшысы әуелі Сеченов және Жангелдин көшелеріндегі жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарымен танысты.

    Жангелдин көшесіндегі жөндеу учаскесінің ұзындығы 1,5 шақырымды, ал Сеченов көшесінде 800 метрді құрайды. Орташа жөндеу аясында екі көшеде де жалпы қалыңдығы 12 сантиметр болатын екі қабатты асфальтбетон жамылғысын төсеу қарастырылған. Қазіргі таңда екі көшеде де асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмыстары аяқталды.

    Сонымен қатар, бұған дейін жол жиектерінде болмаған жаңа борттық тастар орнатылды. Қазіргі уақытта екі көшенің де екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Сеченов және Жангелдин көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын алдағы 10 күн ішінде толық аяқтау жоспарланып отыр.

    Облыс орталығындағы 408 кварталдағы №14 және №15 тұрғын үйлердің аулаішілік аумағын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бордюрлер мен жиектастарды орнату, сондай-ақ, майда түйіршікті асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмыстары қолға алынған. Құрылыс жұмыстары маусым айында басталған.

    Аймақ басшысы мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына және белгіленген талаптардың сақталуына назар аударды. Жол жөндеу кезінде жаяу жүргіншілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

    «Бұл көшелерде бұған дейін асфальт та, жаяу жүргіншілер жолы да болмаған. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде қаланың көптеген аумағында жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмаған. Қазіргі уақытта көшелермен қатар, аулаішілік жолдарды жаңартып, жөндеп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

    Облыс әкімі сондай-ақ қаладағы Абай көшесі, 67 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.

    Нысанда жөндеу жұмыстары биылғы 2 тамызда басталған. Қазіргі уақытта кірпіш арасындағы жіктерді жөндеу, қасбетті грунттау және бояу, балкондардың ескі қаптамасын бөлшектеп, мырышталған болатпен қаптау жұмыстары жүргізілуде.

    Бұл жұмыстар облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту бағытында қолға алынған кешенді шаралар аясында жүзеге асырылуда. Жалпы биыл Семейде 20-дан астам ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланған.

    Аймақ басшысы тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту кезінде жұмыс сапасына ерекше мән беріп, қаланың сәулеттік келбетімен үйлесімді болуының маңызды екенін айтты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары