
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Бәйтерек және Тасқала аудандарына жұмыс сапары өтті.
Сапарға облыстық мәслихаттың бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Салықов қатысты.
Бәйтерек ауданында аймақ басшысы Щапов ауылдық округіндегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Қажғалиева» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, «Жайық ет» ЖШС-ның құс фабрикасында болып, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру жобасын көрді.
Сондай-ақ Щапов ауылындағы мәдени-спорт кешенінде аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады. Кездесуде Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді.
Жұмыс сапары Тасқала ауданында жалғасып, облыс әкімі Оян ауылында жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің дайындығымен танысты. Бұдан бөлек, Оян ауылдық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларға тоқталды.








