
Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Еңбек күніне орайластырылған салтанатты іс-шара өтті. Оған Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, еңбек ардагерлері, кәсіпорын өкілдері мен жас мамандар қатысты.
— Бұл мерекеде ең алдымен Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бастапқы жылдарда еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан аға буынның ерен еңбегін еске аламыз. Әрқайсыңыздың еңбек жолыңыз — жастарға үлгі- өнеге.
Еңбек адамы — еліміздің тірегі. Қол жеткен белестің артында маңдай терімен, жауапкершілігімен, кәсіби шеберлігімен жылдар бойы түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі тұр. Облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген баршаға ризашылығымды білдіріп, жаңа жетістіктер тілеймін,— деді Болат Ақшолақов.
Мерекелік іс-шарада “Еңбек жолы” байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. “Үздік еңбек әулеті” номинациясында Қызылқоға ауданынан Көшбағанбетовтер отбасы жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды.
“Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері” номинациясы бойынша Қызылқоға ауданының тұрғыны, “Ембімұнайгаз” АҚ “Қайнармұнайгаз” мұнай және газ өндіру учаскесінің шебері Жұмабай Аманов жеңімпаз деп танылды.
Өндірістің үздік жас маманы атағына Мақат ауданында тұратын Арайлым Мақашова ие болды. Ол “Қазақстан темір жолы ”ҰК” АҚ Мақат локомотив пайдалану депосында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженер-технолог болып жұмыс істейді.
Жиында аймақтың дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлеріне облыс әкімінің Алғысхаты табысталды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.







