
Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау жүйесінде қаржыландыруды ертерек бастау тетігіне кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұған дейін несие қаражатының басым бөлігі егіс жұмыстары кезеңінде берілетін. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер маусым басталғанға дейін бірнеше ай бұрын қаржыландырылып, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Мұндай тәсіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Тапсырмада егіншілерді негізгі маусымдық жұмыстар басталғанға дейін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету және егіс науқанына дайындық сапасын арттыру міндеті қойылған, деп хабарлайды Primeminister.kz.








