
Қарттар күніне орай Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қарттар үйінің тұрғындарына арнайы барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Құтқарушылар ата-әжелерге ізгі тілектерін жеткізіп, шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Әуезді ән мен әсерлі жырлар қариялардың көңілін көтеріп, ерекше әсер қалдырды. Өнер көрсеткен жастардың әрбір орындауы үлкендердің ыстық ықыласына бөленді.
Концерттен кейін барлығы дастархан басына жиналып, тәттілерден дәм татты. Әңгіме-дүкен үстінде қарттар өмірлік естеліктерімен бөлісіп, жастық шағын еске алды және көрсетілген ілтипат үшін алғыстарын білдірді.
— Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығы – кейінгі ұрпаққа үлгі,— деп атап өтті құтқарушылар.
Осындай кездесулер қарттарға қуаныш сыйлап қана қоймай, күн сайын халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек ететін құтқарушылардың жұмысын айқындай түседі.








