
2026 жылғы 30 қыркүйек, Астана. Астанада Қазақстанның әділетті энергетикалық көшу платформасы (QaJET) серіктестерінің екінші форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) ұйымдастырды.
Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының, даму жөніндегі әріптестердің, инвесторлар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында QaJET платформасын әзірлеу бойынша қол жеткізілген нәтижелер, басым жобалар портфелін қалыптастыру және оларды қаржыландыру тетіктері талқыланды. Сонымен қатар Платформаны 2026 жылғы қарашада Антальяда өтетін COP31 аясында ресми іске қосуға дайындық мәселелері қаралды.
«Қазақстан үшін энергетикалық көшу энергетикалық қауіпсіздік, энергияның қолжетімділігі және экологиялық тұрақтылық арасындағы теңгерімге негізделуі тиіс. Біздің міндетіміз – жекелеген энергия көздерін ғана дамыту емес, елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ететін заманауи, сенімді және технологиялық тұрғыдан дамыған энергетикалық жүйе қалыптастыру. QaJET нақты жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік, халықаралық және жеке ресурстарды біріктіруге бағытталған», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов.
QaJET Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына және жаңартылған Ұлттық айқындалатын үлесіне (NDC 3.0) сәйкес келеді.
Платформа аясында үш негізгі бағыт айқындалды: электр желілері инфрақұрылымы мен энергия сақтау жүйелерін дамыту, жаңартылатын энергетиканы дамыту және электрлендіру. Аталған бағыттарды іске асыруға қажетті инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрайды.
Атап айтқанда, қуаты 10 ГВт-қа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр желілері инфрақұрылымы мен энергия сақтау жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ көлік, өнеркәсіп және шағын және орта бизнесті электрлендіру көзделіп отыр.
Электр энергетикасын 2035 жылға дейін дамыту жоспарларына сәйкес, Қазақстанда жалпы қуаты 26 ГВт-тан астам жаңа генерациялық қуатты, оның ішінде кемінде 8,4 ГВт жаңартылатын энергия көздері қуатын іске қосу жоспарланған.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар QaJET жобалар портфелін қалыптастыру және қаржыландыру тетіктерін айқындау жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті. Бұл жұмыстар Платформаны COP31 аясында іске қосуға дайындық шеңберінде жүргізіледі.








