
Медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) – әрбір медициналық құжаттың артында нақты адам, оның денсаулық жағдайы, мүмкіндіктері, қажеттіліктері мен өмір сүру сапасы тұратын жұмыс.
Соңғы жылдары МӘС маманының жұмысы айтарлықтай өзгерді. Бүгінде сарапшы – медициналық құжаттарды талдап, куәландыру жүргізетін маман ғана емес. Қазіргі МӘС жүйесі цифрландырылған, кешенді және адамның жеке қажеттіліктеріне бағдарланған бағытқа ие болуда.
Негізгі өзгерістердің бірі – процестерді цифрландыру
Бұрын жұмыстың едәуір бөлігі қағаз құжаттармен жұмыс істеуге, оларды тексеруге және өңдеуге байланысты болса, бүгінде мәліметтер цифрлық форматта түсіп, өңделеді. Бұл сарапшыларға адамның жағдайын тікелей талдауға және негізделген сараптамалық шешім қабылдауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Қолданыстағы медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында МӘС-ті бетпе-бет және сырттай проактивті форматта жүргізу көзделген. Бұл ретте кешенді бағалау тек диагнозға ғана емес, клиникалық-функционалдық, әлеуметтік, кәсіби және психологиялық деректерді талдауға негізделеді.
Сырттай және проактивті МӘС: формальдылық азайып, қолжетімділік артуда
Тағы бір маңызды өзгеріс – сырттай проактивті куәландырудың дамуы.
Белгілі бір жағдайларда азаматқа МӘС бөліміне жеке келудің қажеті жоқ. Медициналық ұйым қажетті электрондық құжаттарды қалыптастырады, содан кейін ұсынылған медициналық мәліметтерге сараптамалық бағалау жүргізіледі. Бұл формат нозологиялық нысандардың белгіленген тізбесіне сәйкес қолданылады.
Маман үшін бұл жаңа жауапкершілікті білдіреді: енді ол тек өз алдында отырған адаммен ғана емес, сонымен қатар үлкен көлемдегі цифрлық ақпаратпен жұмыс істей білуі, оның толықтығы мен өзара байланысын бағалап, объективті деректер негізінде шешім қабылдауы қажет.
Бұл ретте сырттай формат сараптамалық бағалаудың формалды жүргізілетінін білдірмейді. Керісінше, сарапшыдан ұсынылған ақпаратты одан да мұқият талдау талап етіледі.
Бұл маманның жұмыс сипатының өзгергенін көрсетеді: цифрлық құралдар ақпараттың үлкен көлемін өңдеуге көмектеседі, алайда сараптамалық бағалау белгіленген өлшемшарттарды сақтауды және ұсынылған деректерді кәсіби талдауды талап ететін процесс болып қала береді.
Сарапшы тек диагнозды ғана көрмеуі керек
Қазіргі МӘС – ауруды немесе оның ауырлық дәрежесін ғана анықтау емес.
Сараптамалық бағалаудың негізгі мәселесі – денсаулық жағдайының адамның ағза функцияларына, тіршілік-тынысына, еңбек ету қабілетіне және әлеуметтік қорғау қажеттілігіне қалай әсер ететінін анықтау.
Сондықтан маман медициналық, әлеуметтік және кәсіби факторлардың жиынтығын ескеруі қажет. Мұндай кешенді тәсіл Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде бекітілген.
Диагноздың артында әрдайым адам тұрады – оның күнделікті өмірі, өздігінен жүріп-тұру, өзіне-өзі қызмет көрсету, еңбек ету, қарым-қатынас жасау және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігі.
Цифрландыру сарапшының рөлін төмендетпейді. Ол оның жұмысына қойылатын талаптарды өзгертеді
Бүгінде маман өз білімін үнемі жетілдіріп, заңнамадағы өзгерістерді білуі, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуі, электрондық медициналық деректерді талдауы, оқыту іс-шараларына қатысуы және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау салаларындағы әріптестерімен өзара іс-қимыл жасауы қажет.
МӘС саласында тәуелсіз сарапшылар институты да дамып келеді. 2025 жылдан бастап олардың сырттай проактивті форматқа қатысуы көзделген, ал 2026 жылы олардың қызметін цифрлық есепке алу және бағалау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Азаматтармен қарым-қатынас та өзгеруде
Қазіргі маман жұмысының тағы бір маңызды бөлігі – түсіндіру.
Азамат үшін тек нәтижені алу ғана емес, сараптаманың қандай деректер негізінде жүргізілетінін, қандай құжаттар қажет екенін, куәландырудың қандай форматтары бар екенін және қандай әлеуметтік қорғау шаралары белгіленуі мүмкін екенін түсіну маңызды.
Сондықтан МӘС маманының кәсібилігі – нормативтік талаптар мен медициналық өлшемшарттарды білумен ғана шектелмейді. Бұл сонымен қатар күрделі мәселелерді адамға түсінікті тілмен түсіндіре білу.
Заманауи технологиялар маманға көмектеседі, алайда олар кәсіби білімді, тәжірибені және әрбір жағдайға мұқият қарауды алмастырмайды.
МӘС әлеуметтік қорғау жүйесімен бірге дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы өзгерістермен қатар жүру, біліктілігімізді үнемі арттыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметті азаматтар үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді ету.
МӘС-ті дамыту – бұл тек жаңа ақпараттық жүйелерді, жасанды интеллектіні енгізу немесе сырттай форматқа көшу ғана емес.
Түптеп келгенде, барлық өзгерістер адамның қажетті мемлекеттік қызметті уақтылы, қолжетімді түрде және оның жеке жағдайын ескере отырып алуына бағытталған.
Жұмыс технологиясы өзгереді. Сарапшының құралдары өзгереді. Бірақ басты бағдар – адам болып қала береді.









