
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Егін жинау науқаны барысы» қаралды. Жиында көтерілген міндеттерге сәйкес аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Биыл ауданда 38 232 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 6 756 гектарға күріш егілді. Күріш алқаптарының барлығы көктемгі дала жұмыстарына дейін лазерлік тегістеуден өткізілген.
Қазіргі таңда 4 533 гектар күріш орылып, 3 735 гектары бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 52,1 центнерді құрап отыр.
Аудан басшысы егін жинау науқанын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала басшыларына жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды, шаруашылықтарды қажетті дизель отынымен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында су тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының суды тиімді әрі үнемді пайдалану жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, ауданда каналдарды бетондау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы жобаларды жеделдету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар мәжілісте шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, алдағы жоспарланған қоғамдық - саяси маңызы бар іс-шараларға дайындық барысы қаралды.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі аталған бағыттардағы тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.








