1 / 2
Бүгін көрнекті қаламгер, жазушы-публицист Құдабай Ертаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сыр саңлағы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Руханият пен әдебиетті ұлықтаған тағылымды шараға аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек арнайы қатысып, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың құттықтауын жеткізді.
Мерейтой аясында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныту мақсатында жарық көрген «Қадамы құтты қаламгер» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл – қаламгер есімін ұлықтап, оның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Жыр додасына Қызылорда қаласы мен облыстың жеті ауданынан тоғыз ақын қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Ақындардың шығармаларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Файзулла Сахиев, мәдениет саласының үздігі, ақын-композитор Уәлихан Ибрагимов бастаған қазылар алқасы бағалады.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлде жаңақорғандық ақын Ерсұлтан Мұстафаевқа бұйырды. І орынды қызылордалық Ғабит Қыдырбай иеленсе, ІІ орын Жалағаш ауданынан келген Сания Жақыпқа берілді. Ал ІІІ орынды аралдық Әділ Ізбасаров пен шиелілік Шыңғыс Құдайберген өзара бөлісті.
Құдабай Ертаевтың ғасырлық мерейтойына арналған мүшәйра ұлттық әдебиетімізді дәріптеп, сөз өнерінің қадірін арттырған тағылымды шара болды. Қаламгер мұрасы жас ұрпаққа рухани бағдар болып, Сыр өңірінің әдеби-мәдени өмірінде өз жалғасын таба берсін!









